Тәлімді тәрбиеші

Балабақша тірегі іспеттес тәрбиеші-педагогтың жұмысы аса жауапты әрі тынымсыз. Әрбір шаңырақты шаттыққа кенелткен бүлдіршіндердің қылығына төзіп, еркелігін көтеріп, тәлімді тәрбие беру сабырлылық пен парасат-пайымды қажет ететіні сөзсіз.

Қалтқысыз қызметі арқылы ілтипатқа ие тәрбиешілер арамызда аз емес. Көпшіліктің назарына іскерлігімен іліккен тәжірибелі әрі тәлімді мамандар қатарында екінші санатты тәрбиеші Раушан Ізтілеуова да бар.

1974 жылы Сыр өңірінде дүниеге келген Раушан Ибадуллақызы 1989 жылы Жезқазған педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алып шығады. Алғашқы еңбек жолын қаламыздағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде бастады. Әлеуметтік қызметкер ретінде мүмкіндігі шектеулі балаларға білім бере жүріп, оларды түрлі өнер байқауына қатысуға дайындады. Жезқазған поселкесіндегі «Мерей» балалар үйіне жұмысын ауыстырғанда да қарым-қабілетін байқатты. Ұжым алдында абырой-беделге ие бола жүріп, кәсібіне берілгендігін танытты. Бүгінде №31 «Балапан» балабақшасында еңбек ететін кейіпкеріміз бүлдіршіндермен, ата-аналармен көптеген жұмыс атқарып, ұжым беделін көтеруге күш салуда. Ол туралы әріптестері: «Раушан тек бала тәрбиесінде ғана емес, жан-жақты өнерімен ерекше. Қолынан келмейтін іс жоқ. Ақкөңіл, адал әрі шыншыл. Жалпы, біз оның адамгершілік болмысына ризамыз», – деген пікірде. Қазақтың халық әндерін нақышына келтіре шырқайтын Раушан Ибадуллақызының еңбегі текке кеткен жоқ. Бірнеше рет қалалық білім бөлімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хатын иеленді. 2010 жылы қалалық келіндер байқауына қатысып, «Иманды келін» атанды. Мәдени және спорттық шараларға белсене атсалысатын ол ҚР мемлекеттік қызметші күні мерекесіне орай ұйымдастырылған жарыста әйелдер арасында 500 метрге жүгіруден 4 орынды жеңіп алды. Елбасының жастарды қолдау саясатын жүзеге асыру бойынша әрдайым белсенділік танытқаны үшін бірнеше рет қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Алғыс хаты табысталды. Үнемі ізденіс үстінде жүретін ол 2009 жылы Қарағанды облысының мемлекеттік және білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтында білімін арттырып, «Девиантты мінез-құлықты балалармен жұмыс» тақырыбындағы жобасын сәтті қорғап шықты.

Бүгінде төрт бала тәрбиелеп өсіріп, үш немереге әже атанып отырған Раушан Ибадуллақызы табиғатпен үндесе білген жан. Саяжайындағы бау-бақшасын күтіп-баптаудан шаршамайды.

– Жаз шыға сала саяжайға тартып отырамыз. Балаларға да пайдалы. Таза ауада демалып, қол еңбегімен айналысады. Қыздарым да түрлі салаттар дайындауды үйреніп алды. Үлкенім Алмагүл үш баланың анасы, өмірден өз орнын тапты. Аделя, Жанеля, Марлен атты немерелерім бар. Ардағым сауда саласының қызметкері, Дарыным «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС технологиялық колледжінің студенті болса, сүт кенжем Серікжан №1 мектеп-гимназиясының оқушысы. Түзде де, үйде де балалардың қызығына ортақтасып, әр күніміз қуанышпен өтіп жатыр. Одан артық не керек?! – дейді ол.

Қазіргі кезде балабақшаға керегі озық педагогикалық методиканы меңгерген, сауаты жоғары, тәлімді тәрбие бере алатын тәрбиеші. Біз Раушан Ибадуллақызын осы қатардан көреміз.

Комментарии закрыты.