Жетінші шақырылым жеті бағыт. Ауқымды міндеттер

Мына сәйкестікті қараңыз. Мәжіліс депутаттары жаңаша құрамдалған Парламенттің биыл жетінші шақырылымы екен. Ал оның алғашқы сессиясын ашқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа құрамның алдына жеті міндет қойды. Қазақта жеті саны киелі саналады ғой. Осыған сайғанда, алдағы төрт жылда халық қалаулылары елдің мүддесінен шығатындай жұмыстар атқарады екен ырымдап та қойды көпшілік…

Биылғы жыл ел тағдыры үшін елеулі оқиғамен басталды. Дүркіреп сайлау додасы өтті. Халық партияларға таңдау жасай отырып Мәжілісі пен жергілікті мәслихатқа депутаттар сайлады. Бұл жаңа серпін мен жаңғырысқа, өзгеріске ұмтылдырған маңызды оқиға болды. Міне, осы тың серпіліс әкелген VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылу салтанатында Президент жаңа құрамды сайлаудың аяқталуымен құттықтап, 7 бағытты қамтитын жаңа ауқымды саяси бастамаларды атап өтті.

Енді сол бағыттарға қысқаша тоқтала кетейін. Бірінші бағыт құқықтық мемлекетті дамыту және азаматтардың билік органдарына сенімін нығайтуды, мемлекеттік басқарудың жаңа моделін енгізуді, сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтуды, құқық қорғау органдарының жұмысын барынша өзгертуді, азаматтармен өзара қарым-қатынастың сервистік моделін енгізуді көздейді.

Президент бастамасының екінші бағыты қуаты әрі инклюзивті қоғам қалыптастыруға бағытталған.

Үшінші бағытта Үкімет экономикалық белсенділікті қолдауға бағытталған контрциклді макроэкономикалық саясатты жалғастыру, фискалды саясатты жетілдіру аясында Салық кодексіне тексеру жүргізу, шағын және орта бизнесті қолдауға баса назар аудару көзделеді.

Төртінші бағыт аумақ пен кеңістік тұрғысынан еліміздің теңгерімді дамуын қамтыды.

Қазақстандағы реформалардың басты бағытының бірі – саяси жаңғыру. Осы жаңғырудың негізгі қағидаты – барлық өзгерістерді жалпыұлттық диалог пен мәмілеге сүйеніп, эволюциялық жолмен жасау. Бұл мемлекет басшысының бесінші бағыты.

Алтыншы бағытта азаматтық қоғам өкілдерінің белсенділігін арттыру, жастар саясатын жетілдіру және қайырымдылық қызметін қолдау мәселелеріне назар аударды.

Президент жетінші бағытта адам құқықтарын толық қорғау мәселесіне тоқталды. Мемлекет басшысы айтқан реформалар адам құқықтарын қорғауға бағытталатын болады. Сонымен қатар қоғамдық бақылау жүйесін одан әрі жетілдіру азаматтық жауапкершілікті күшейтеді және мемлекеттік саясатты тиімді іске асыруға ықпал ететін болады деген ойдамын.

Міне, осындай нақтылы бағыты мен айқын бағдары бар жаңа құрамдағы Мәжіліс депутаттары халық үшін аянбай еңбек етеді деген сенімдемін. Ал, бұл сенімімді дәлелдеу үшін пікірімді Мемлекет басшысының «Мақсатымыз – озық дамыған елдердің қатарына қосылу. Дамыған ел дегеніміз – ең алдымен, дені сау, білімді жұрт. Сондықтан мемлекеттің басты міндеті – азаматтарымыздың толыққанды дамуына, әл-ауқатының артуына және жайлы тұрмысына жағдай жасау. Біз 2025 жылға қарай әрбір азамат үшін тиімді институтционалдық және инфрақұрылымдық орта қалыптастырамыз», – деген сөзімен түйіндегенді жөн көрдім.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.