Тіл – халық қазынасы

Тіл – қастерлі, құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отырады. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануына қарсы тұруы тиіс.

Тіл адамдардың қарым-қатынас құралы болғандықтан, ол сөйлеу әрекетінің арқауы болып табылады. Тіл ұлт пен ұлтты жақындастыратын өзгеше қатынас құралы. Қазіргі таңда, еліміз өз егемендігін алып, дербес мемлекет ретінде танылуда. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан, оған бей-жай қарамаймыз. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз», – деген болатын. Мемлекеттік тіл тәуелсіздігіміздің жырын жырлап, бұғанасын қатайтты.

«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек, Ата заң аясында бақ-берекетіміздің сақталып отырғаны тіл саясатын дұрыс жүргізудің жемісі екені анық. Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. «Ана тілін білмеген, анасын да сыйламас» демекші, өз ана тілін білмеген жаннан, анасын сыйлайтын жанның шығуы неғайбыл. М.Шахановша айтатын болсам, қазіргі таңда өз тілін өгейсіп, «мәңгүрттеніп» жүргендер көп. Қазақ пен қазақтың, әке мен баланың, әріптестердің жұмыста қазақ тілінде сөйлеспеуі көңілге қонымсыз жайт. Елбасымыз айтқандай, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде». Ендеше, тілімізді қадірлейік!

Толқын КУЗЕМБАЕВА, №7 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Комментарии закрыты.