Жаңа құрам іске кірісті

Өткен апта соңында Сәтбаев қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Нина Геймбухтың төрағалығымен Сәтбаев қалалық мәслихатының VII шақырылымындағы I сессиясы өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, мекеме мен үкіметтік емес ұйымдардың басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Жақында ғана өткен еліміздегі ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарын сайлауының нәтижесі жарияланып, көп дауыс жинаған партия өкілдері жұмыстарына кірісті. Саяси науқанда Сәтбаев қаласы бойынша барлық сайлаушылардың 69 пайызы дауыс беруге қатысқан. Сайлау қорытындысына сәйкес жергілікті мәслихатқа депутаттық мандат алу шегіне қол жеткізген «Nur Otan» және «Ауыл» ХДПП өкілдері қалалық мәслихатқа депутат болып сайланды.

Жетінші шақырылымдағы жаңа құрамның алғашқы сессия жиыны ҚР Әнұранын орындаумен ашылды. Күн тәртібіне сай алдымен Сәтбаев қалалық сайлау комиссиясының хабарламасы оқылды. Комиссия төрағасы Н.Геймбух Сәтбаев қаласының сайлау округі жайлы толыққанды ақпарат беріп, сайлаушылардың көп дауысын жинаған «Nur Otan» және «Ауыл» ХДПП-нан қалалық мәслихатқа депутаттық мандаттар бөлінгенін атап өтті. Оған сәйкес «Nur Otan» партиясы– 11, «Ауыл» ХДПП – 1 мандат иеленді. Нина Андреевна жаңадан сайланған депутаттарға куәлік пен төсбелгіні салтанатты жағдайда табысты.

Жиын барысында қалалық мәслихат хатшысын сайлау мәселесі қаралды. Бұған дейін осы қызметті атқарып келген Татьяна Хмилярчуктің кандидатурасын депутаттар бірауыздан қолдады. Татьяна Ивановна сенім білдірген әріптестеріне алғыс білдіріп, мәслихат жұмысын жандандыруға бар күш-жігерін салатынын мәлімдеді. Жиын барысында бұдан бөлек қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларын құру туралы шешім қабылданды. Ұсынылған екі комиссия – экономикалық реформа, бюджет, коммуналдық шаруашылық және кәсіпкерлікті қолдау мәселелері жөніндегі комиссия (төрағасы – Сұлтан Нарботаев) және әлеуметтік сала, құқықтық тәртіп және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөнінде комиссия (төрағасы – Шолпан Мұхамедғалиева) мақұлданды. Сессия барысында Nur Otan партиясының қалалық мәслихатының депутаттық фракциясы тіркелді.

Айта кетейік, қалалық мәслихаттағы депутаттық мандаттар сайлаушылар дауысының жеті және одан да көп пайызын алған саяси партиялар арасында бөлінді. Мәслихаттың құрамы тұңғыш рет екі партиялы болып өзгерді. Алдыңғы VI шақырылымда қалалық мәслихатта 13 депутат болса, бұл жолы олардың саны 1 мандатқа қысқарды. Осылайша, жалпы 12 депутат сайланды. Nur Otan партиясынан Ринат Ахтямов, Мұхтар Бақбергенов, Шолпан Жанғаскинова, Әшім Исанов, Нұрлат Қонысбай, Тұрсынбек Макишев, Луиза Мыңбаева, Шолпан Мұхамедғалиева, Сұлтан Нарботаев, Қайрат Балмағамбетов, Татьяна Хмилярчук сайланса, «Ауыл» партиясы атынан Досбол Мейірбек депутаттық мандат иеленді.

Депутаттар келесі сессияда мәслихаттың 2021 жылға арналған жұмыс жоспары мен халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау шараларын талқылайтын болады.

Әли МҰҢАЙТПАС

Комментарии закрыты.