Сақтық шараларын күшейту қажет

Аптаның басы алыпқашпа әңгімелермен басталды. Тақырыбы ковид, түп төркіні – таралуы. Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды. Әңгіменің шығуына негіз де жоқ емес. Бірақ анау айтқандай әкетіп бара жатқан да жоқ…

Иә, соңғы кездері эпидемиологиялық ахуалдың елде күрделене бастағанын эпидемиологтар дабылдап айтып жатыр. Қызыл аймақтағылардың қатары қайта өсе бастаған сыңайлы. Тіпті, жасыл аймақта жүрген біздің облыс сары аймаққа кіріпті. Осыған байланысты елде сақтық шараларын күшейтуге талап қойылып жатыр. Ол орынды да. Арқан сәл босаса арқаны кеңге салатынымыз жасырын емес. «Қой» десе өршелене түсетініміз тағы рас. Жасырынып той-томалақ, құдайы ас беріп аурудың таралуына жол беріп отыр екенбіз. Бұл мамандардың пікірі. Оны да жоққа шығара алмаймыз.

Елді елең еткізген осы жағдайларға байланысты біз қалалық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гаухар Жалмурзинаға қоңырау шалып, мән-жайды анықтап беруін сұраған едік. Қаланың бас санитар дәрігерінің айтуынша Сәтбаев қаласындағы эпидахуал әзірге тұрақты екен. Алаңдайтын қауіп жоқ. Рас, маусымдық сырқаттар коронавирус инфекциясын да қоздырып отырғаны жасырын емес. Бүгінгі күні қала бойынша 6 адам осы кеселге шалдыққан. Олардың үшеуі Жезқазған қаласындағы модульдік орталықта ем алып жатыр екен. Сырқаттардың бірі – бала. Ал, үш адам оқшауландырылып, үйлерінде ем алып жатқан көрінеді.

– Әзірге қаланың эпидемиялық ахуалы жаман емес. Біз жасыл аймақта тұрмыз. Бірақ, іргемізде орналасқан Жезқазған қаласында бұл жағдай күрделеніп келеді. Сондықтан, әрбір азамат, әрбір қала тұрғыны сақтық шараларын қатаң сақтағаны жөн. Әсіресе, Жезқазған қаласына бейсауат баруды, той-томалақ, құдайы ас беруді тоқтатқанымыз жөн. Өзіміздің және жақындарымыздың амандығы үшін. Жаратушының өзі «Сақтансаң сақтаймын» демей ме. Ендеше, шектеу талаптарына түсіністікпен қарайық. Көпшілік орындарға, дүкендерге барғанда бетперде тағуды ұмытпайық. Әлеуметтік арақашықтықты сақтайық. Таза ауада тыныстап, өкпеге демалу жаттығуларын жасауды да әдетке айналдырайық, – дейді Гаухар Шәріпқызы.

Басқарма басшысы сондай-ақ, әлеуметтік желілерде айтылып жүрген алыққашпа әңгімелерге орай да нақтылы жауап берді. Соның бірі Жезқазған қаласында жатқан сырқаттар Сәтбаев қаласындағы туберкулезге қарсы диспансерде ашылған емдеу орталығына әкелініпті деген бос әңгіме дейді маман.

– Жезқазған қаласындағы модульдік орталық осы коронавирус инфекциясына шалдыққан жандарды емдеуге арналып ашылып отыр. Оның емдеу әлеуеті жоғары. Заманауи құралдармен жабдықталған. Сырқаттар біздің қаламыздағы емдеу орындарына тек эпидахуал өршіп, орталықта жататын орын болмай қалған жағдайда ғана әкелінеді. Ел айтып отырған тубдиспансерге жеңіл және орташа жағдайдағы сырқаттар жатқызылады. Әзірге, қаламыздағы арнайы жабдықталған үш емдеу орталығы да бос тұр, – дейді Гаухар Жалмурзина.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

P.S. Аптаның басы алыпқашпа әңгімелермен басталды. Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамасы да рас. Жаңалықтарда қара күзден бері айтылып келе жатқан екінші толқынның етек алуы мүмкін екені айтылып жатыр. Оның алдын алатын бір-ақ жол бар. Ол сақтық шараларын күшейту. Қазір көптеген өңірлерде блок-бекеттер қайта қойыла бастады. Ойланайық, ағайын.

Комментарии закрыты.