«Ширатамын» деп қиратып жатады

Жыл сайын қазақстандық отбасындағы мәселелерді жіпке тізетін зерттеулер жүргізіледі. Оның мақсаты – проблеманың түбірін тауып, қоғамның жанды жерін анықтау ғана емес, шешімін табуға көмектесу. Бір қызығы, биылғы зерттеудің нәтижесінде жас жұбайлар өміріне туыстардың араласуы, ажырасуға мәжбүрлеуі шаңырақтың шайқалуына себеп болатыны  анықталыпты. Бұған дейін ажырасуға итермелейтін басты себеп ретінде ерлі-зайыптылардың бірінің адал болмай, көзге шөп салуы болып келген еді. Ал жаңа зерттеудің қорытындысы басқа.

Әлқисса, біз қозғап отырған та­қырыпқа «Қазақстан отбасы» рес­публикалық зерттеуінің нәтижесі түрткі болып отыр. Сауалнамаға қатысқан респонденттер бірнеше сауалға жауап берген. Соның ішінде отбасындағы сылдырлаған ыдыс-аяқтың себебі де назардан тыс қал­маған. Ұйымдастырушылар барлық жауапты зерттей келе, мынадай қо­рытынды шығарып отыр: осыған дейін шаңырақтың шайқалуына жұбайлар арасындағы келіспеушілік, соның ішінде көзіне шөп салу сынды фактілер себеп болса, қазір ажы­расудың басты себебі ретінде екі жастың арасына түсетін туыстар аталған. Әдетте мұндайда «ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі» деп қысқа қайыратын. Мұн­дай сөздің өзі шағын мемле­кеттің шаруасына араласудың қажеті жоқ екенін білдірсе керек.

Зерттеу жасаған топтың сөзіне сүйенсек, жаңа түскен келінге де, жап-жаңа күйеубала атанған жігітке де көбіне енелер тарапынан қысым көрсетіледі екен. Өйткені, сауал­на­­маға жауап бергендердің дені «сатып алған заттарды қадағалайды, бөлмеге кірерде есік қақпайды, ешкім сұ­рамаса да айтатын ақыл-кеңесі шар­шатты» депті. Әсіресе, еліміздің Ал­маты, Маңғыстау және Түркістан облыстарында бұл мәселе тіпті жиі кездеседі екен. Ақмола, Атырау, Қостанай облыстарының тұрғын­дары болса, ажырасудың бас­­ты себебі деп моральдық шек­теудің жоғы және жүгенсіздік деп көр­сеткен.
«Ұлын шектен тыс өбектеген аналар көбіне келінмен сыйыспай қалып жатады. Себебі, ол ұлын құдды әлі балабақшаға баратын баладай көруін тоқтатпайды. Сөйтіп, бір күні келін келіп, баласын «ұрлап» алған­дай сезінеді. Міне, содан барып дау туады. Болмайтын себеппен жанжал болады. Тамақтың дұрыс істелмеуі, үйдің жиналмауы, киімнің үтік­телмеуі және тағы басқалар. Десек те, бәрін енеден көруге болмайды. Өйткені, кей жағдайда келіндер «соғысқа» шығады. Айтқан сөзін елемей, кеңесіне құлақ аспайды. Балаларына әжесін жамандауы мүм­кін. Мұндай жағдайда ушық­тырмай, дұрыс қарым-қатынас құруға тал­пыну керек. Бұл ұрыста жеңімпаз болмайды. Бастысы, жұбайлардың жеке бас мәселесіне араласуға бол­майтынын түсіндіру қажет. Керек жер­де енемен ақыл­дасқан артық емес. Әрі анасына ба­ласын қарсы қою қате. Тіпті, анасымен тығыз қарым-қатынаста болмаса да, ұлы шешесіне жақын болады. Жалпы, табиғатынан ерлер ұрыс-керісті ұнатпайды. Екі ортада жаман қарым-қатынас ор­натып, балаңызға нашар тәрбие бермеңіз», – дейді Алматы қала­сындағы Пси­хикалық ден­сау­лық орта­лығының бас дәрігері Сапар Рахменшеев.

Ал елордалық респонденттер мен Шымкент қаласының, Батыс Қа­зақстан облысының тұрғындары отбасылық қарым-қатынастың бұ­зылуына әлеуметтік желілердің әсері қатты деп жауап беріпті. Көбіне желіде бәрі бақытты сәттерін сал­ғанды жөн көреді. Осылайша, ил­люзия пайда болуы мүмкін. Со­ның жетегіне еремін деп, сондағы әдемі өмірдің елесіне алданып, жас жұбай­лар арасында ұрыс-керіс тууы да ық­тимал. Бүгінде блогерлер үлгі тұ­та­тын кумирлерге айналған за­манда үйде бала күтімімен отырған не жұ­мыссыз үй шаруа­сындағы әйел сол «жұлдыздың» өміріне қызығады. Сол сияқты қыдырып, күйеуінен қым­бат сыйлық алып, ақшаға «кө­міліп» жүруді қалайды. Ал тұр­мы­с­­тық мә­селе кездескенде, оны сал­қын санаға салып шеш­кеннен гөрі күйеуін кі­нәлап, ажы­расуға шешім қабыл­дауы мүмкін. Еркіндікті аңсап, құдды оның танымал болуына отба­сы ке­дергі болып отырғандай сезі­неді. Рес­понденттердің жауа­бының қыс­қаша тәпсірі осындай болса ке­рек.

«Фокус-топтардың зерттеулері нәтижесінде сауалнамаға қатысқан жасы үлкен адамдардың 57 пайызы жастарға бөгде құндылықтардың әсері, еркін қарым-қатынас пен не­кенің дәстүрлі емес түрлерінің наси­хаты, жыныстық серіктесті таң­дау­дағы жауапкершіліктің тө­мендігі, виртуал қатынасқа берілу, еш ауыр міндеттемелерсіз жеңіл қарым-қа­тынасты қалауы кері әсер беріп жат­қанын алға тартқан. Жалпы, жүр­гізген зерттеуіміздің нәтижесінде қо­­ғамдағы бірнеше проблеманы байқадық. Атап айт­қанда, ажы­расудың көбеюі, толық емес отбасы санының артуы, тұр­мыстық зорлық-зомбылық, ерте неке, аборт. Осы ретте, бәріміз бі­рігіп, отбасын сақ­тау­дың жолын ізд­еуіміз керек. Біз отбасы саясаты бойынша бірыңғай интернет-ресурс құруды ұсынып отырмыз. Сол жерде пайдалы ақпа­раттар салып, кері байланыс меха­низмі арқылы кон­структивті диалог құрып, отбасын да­мыту орталық­тарының типтік құ­рылымын жаса­ғымыз келеді», – дейді Қазақстанның Тең құқық және тең мүмкіндіктер институтының дирек­торы Марга­рита Өскембаева.

Отбасындағы мәселені оң шешу үшін маманға барып, кеңес алған артық емес. Дегенмен, қоғамда пси­хологке бару мәдениеті әлі жөнді қалыптаспаған. Сапар Рахмен­шеев­тің айтуынша, отбасындағы мәсе­ленің негізін психолог, тіпті кей­де психиатр ғана таба алатын жағдай болады екен. «Проблеманы шешу үшін кейде арнайы терапия мен дәрілер керек болуы мүмкін. Мыса­лы, маған бірде қабылдауыма бір әйел келді. Ұлының әйелімен ас бөл­­­­ме­сінде отырып әңгімелесіп, шай іш­кенінің өзін ұнатпай­тынын мойын­­­­­­­­дады. Тағы бір па­циентім келі­нін балаларының кө­зінше ұрған екен. Мұндай жағдайда біраз жұмыс іс­тейміз. Меніңше, қазіргі қоғамның кем­­­шілігінің бірі күйеуінің қаты­сынсыз бала тәрбие­леуге ұмты­латыны сияқ­ты. Сөйтіп, кейін бала өскен соң оның ер жет­кенін, өз отбасын құр­ғанын қа­был­дай алмай­ды. Күйеу мен бала – синоним емес. Екеуінің рөлі екі бөлек. Мысалы, келіні баласын алып кетсе, анасының орнын басуды көздемейді. Отба­сында береке-бірлік болуы керек. Әйтпесе, жалғыз қалып, бақыт­сыз­дыққа ұшы­рауыңыз әбден мүм­кін», – дейді маман.

Осы сынды мәселенің шешімі ре­тінде жаңа заманда ұсынылатын бір әдіс – неке шарты. Әйтсе де, қазақстандықтардың дені мұндай шарт жасауды тек материалдық жағ­даймен байланыстырады екен. Өйт­кені, сауалнамаға қатыс­қан­дардың көбі «отбасында бөлісетін айтар­лықтай ештеңе болмаса, шарт жа­сасып не керек?» деп жауап беріпті. Сонымен бірге ажыраспас үшін бір-бірін сынайтын тәсіл – аза­мат­­тық некеге халықтың дені қарсы. Ақ некесі қиылмай жатып бірге тұру – сүйекке таңба іспеттес. Ал енді енелердің «ширатамын» деп қи­­ра­татынын қайтеміз? Ке­ліндердің қит етсе, «ажы­расамын» дейтінін ше?

Жадыра АҚҚАЙЫР,
aikyn.kz.

Комментарии закрыты.