ҰБТ электронды форматқа көшіріледі

Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде орын алатын тәртіп бұзушылықтың жолы тыйылмақ. Бұл ҰБТ-ны электронды форматта өткізу арқылы іске асырылмақшы. Жетілдірілген жаңаша жүйенің қолданысқа енетіні жөнінде Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылды. Түлектер үшін тестілеудің тың нұсқасы несімен ерекшеленбек? Осы сауалға жауап іздеп көрсек…

ҰБТ-ны өткізудің форматын өзгерту соңғы жылдарда қоғамда жиі талқыланып келеді. Халық арасында түрлі айламен жоғары ұпай жинауға ұмтылғандардың тестілеу кезінде өз біліміне емес, көмекші құралдарға «жасырын» жүгінетіндерге қатысты пікірлер ұшырасады. Бұл өз кезегінде ұпай санын заңсыз жинап, білім гранттарын иеленуде әділетсіздікке жол ашатыны мәлім. Осы себептерді ескеріп оны жоюға ұмтылған ҚР Білім және ғылым министрлігі осыдан екі жыл бұрын ҰБТ-ны электронды форматқа көшіру көзделіп отырғанын атап өткен еді.

«Қазіргі кезде біз осы бастаманы қалай іске асыратынымызды қарастырып жатырмыз. Әрине, оны неғұрлым тезірек енгізсек, соғұрлым жақсы болады. Себебі, заман өзгеріп жатыр. Қазіргі ұлттық бірыңғай тестілеуді іске асырып жатқанымызға 16 жыл болды. Бүгінде жаңа технологиялар бар ғой. Соның бәрін мемлекеттік гранттарды ашық әрі әділ тарату үшін неге қолданбасқа?», – деген еді кезекті дәстүрлі тамыз конференцияларының бірінде Білім және ғылым министрі Асқар Аймағамбетов.

Білім министрі жүйенің жетілдірілген түрінде адамның бет-әлпетін танитын жүйе пайдаланатылатынын атап өткен еді.

«Қазіргі кезде электронды тест тапсыру жүйесі мемлекеттік қызметте бар. Ол жерде толығымен электронды формат: компьютердің алдына отырасың да, сұрақтарға жауап бересің. Ең соңында қанша сұраққа жауап бергеніңді де білуге болады. Сосын бізде адамның бет-әлпетін танитын жүйе болады деген жоспар бар. Барлық прокторинг (тест тапсырушыны онлайн бақылау) жүйелері болады. Мұның бәрі басқа біреудің көмегіне жүгінуге жол бермейді», – деді министр.

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу толық электронды форматта өтеді. Бұл туралы апта басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлім болды. Ал қоғам талқысында жүрген бастаманың қыр-сырын түсіндірген Ұлттық тестілеу орталығы жаңа формат оқушыларға тамаша мүмкіндік деп сендіріп отыр.

Компьютер арқылы тестілеу білім саласы үшін таңсық емес. Жетілдірілген жүйе негізінде ұстаздар қауымы 2019 жылдан бері компьютер арқылы сыннан өтіп келсе, былтырғы жылдан бастап магистранттар кешенді тестілеуді жаңа форматпен тапсырған. Ендігі кезек оқушыларға жетіп отыр. Ұлттық тестілеу орталығының хабарлауынша, жаңа үлгіде бақ сынауға оқушылар мамандандырылған тестілеу орталығындағы компьютерді қолданады. Сол мақсатта наурыз айынан бастап ҰБТ тапсыратын 56 орталық іске кіріседі. «Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі қатаң сақталады» деген орталық электронды формат заман талабы әрі оқушыларға ыңғайлы деп отыр. Өйткені, жаңа талапқа сай тест тапсырудың нақты күні белгіленбейді екен. Оқушы үш ай аралығында өзіне ыңғайлы уақытта барып сыннан өтеді. Тіпті талапкердің тестті екі рет тапсыруға мүмкіндігі бар. Соның нәтижесінде ең жақсы көрсеткішін жоғары оқу орындарындағы байқауға жібере алады.

Комментарии закрыты.