Мемлекет мәртебесін айқындайды

Сот шешімдерінің орындалмауы сот жүйесінің ғана емес, жалпы мемлекеттің өзекті проблемаларының бірі. Қазақстан Республикасы Конституциясының 76-бабына сәйкес заңды күшіне енгеннен кейін сот актілері дереу орындалуы тиіс.

Нақтырақ тоқталатын болсақ, сот отырысының хатшысы акт заңды күшіне енген кезден бастап үш күн ішінде орындауға жібереді. Бұдан басқа, жәбірленушілер атқарушы парақтарды қолма-қол ала алады. Егер борышкер шет елде тұратын болса, сот өтінішхат бойынша халықаралық құқық нормаларына, сондай-ақ, халықаралық актілерге сілтеме жасап, басқа мемлекетке жібереді. Сонымен қатар, үкім немесе сот шешімі бойынша заттай дәлелдемелердің тағдыры ҚІЖК-нің 118-бабы тәртібінде шешіледі. Олар материалдық құндылықтарына байланысты иелеріне қайтарылуы, сондай-ақ құндылығы жоқ, қылмыс құралдары жойылуы мүмкін. Осыған байланысты сот отырысының хатшысы заттай дәлелдемелердің қайтарылғандығы, жойылғандығы заңды күшіне енгені туралы анықтамасы бар сот актісін жібереді. Мемлекет кірісіне айналдыруға жататын заттай дәлелдемелер мемлекеттік сот орындаушыларына жіберіледі. ҚР ҚІЖК 472-бабына сәйкес заңды күшіне енген сот үкімі мен Қаулысы барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, азаматтар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының аумағында мүлтіксіз орындалуы тиіс. Сот үкімін, қаулысын орындамау қылмыстық жауапкершілік жүктейді.
Сот актісінің орындалғаны туралы хабарлама істерге, материалдарға қоса тіркеледі. Орындалмаса тоқсанына кемінде бір рет ескертіледі. Үкімді, қаулыны, шешімді немесе ұйғарымға қатысты әрекеттер туралы міндетті тәртіппен істің анықтамалық парағында белгі жасалады.
Қылмыстық істер бойынша сот үкімдері, апелляциялық шағым беру немесе наразылық келтіру мерзімі өткен соң заңды күшіне енеді. Мүлік тәркілеу және айыппұлды мемлекет табысына өндіру туралы үкімдер бойынша атқару құжаты тәркілеуге жататын мүліктің орналасқан жеріндегі атқарушылық іс жүргізу органына жіберіледі.
Азаматтық істер бойынша соттың шешімімен атқару парағы жазылып, дереу орындалуға жіберіледі. Атқару құжаттары нақты және сауатты толтырылуы тиіс. Өшіріп жазуға және түзетуге жол берілмейді.
Сот актілерінің орындалуы құқықтық тәжірибенің ең маңызды бөлігі болып табылады. Мұның өзі мемлекеттегі сот төрелігінің тиімділігін көрсетеді. Сот актілерін орындамау, сотқа құрмет көрсетпеу заңмен көзделген жауапкершілікке әкеп соғады. Сот шешімдерінің толық әрі уақытылы орындалуы сот билігінің беделін ғана емес, мемлекеттің мәртебесін де айқындайды. Сондықтан, аталған мәселеге жауапкершілікпен қарау керек екендігін түсінуіміз қажет.

Дәурен Ибраев,
Сәтбаев қалалық сотының судьясы.

Комментарии закрыты.