Өнегесі өміршең

«Жәйрем. 20 ақпан. Түсті металдың Жезқазған жеріндегі жаңа алыбы бүгін дүр сілкінді. Талай ғасырлар бойы қаймағы бұзылмай жатқан түсті металдың «тұнық дариясы» алғаш рет толқын атты. Б.Бойко басқаратын дәрі атушылар бригадасы бірінші рет кен қабатын қопарды. Осы сәтте алып машиналардың моторлары да от алды. Жәйрем өңірін ерлік еңбек дүбірі жаңғыртты». Бұл – сол кезеңдегі Одақ бойынша екпінді, өндірістік қуаты арындаған Жәйремдегі кеніштің алғашқы кені алынғанда таралған хабарлама еді. Алыптың кені игерілген сәтінен бастап өндірістің өркендеуіне көп еңбек сіңірген адам болса, оның орнында, әлбетте, Садық Асатов тұрады. Есімі мен еңбек жолы, жүрек тебірентер сырлы өлеңдері мен қайраткерлік қыры жұртқа белгілі болған арда азаматтың тағылымы – терең, өнегесі – өміршең.

Садық Қасымұлы Асатов 1933 жылы 1 мамырда Ұлытау ауданы, Кішітау баурайында дүниеге келген. Жастық шағы ел үшін қиын-қыстау кезеңге тұспа-тұс келді. Мектеп табалдырығын Қарсақбайда соғыс басталған тұста аттады. Ол туралы өзінің «Өмірімнің жолдары» атты өлеңінде: «…Қырқыншы жылы ержеттім, Киімін киіп еркектің. Қырық бірде естідім, Жанғанын отпен жер-көктің. Сол жылы мен де бет бұрдым, Білім деген заңғарға. Тәжім етіп бас идім, Батасын берген шалдарға» деп, білімге деген құштарлығын баяндаса, жастайынан жоқшылық пен таршылыққа тап болған тұсын «…Торғайды тоздай тоздырып, Күзетші болдым егінге. Масағын теріп егіннің, Құсын атып көлімнің. Тең бөлістім үлкенмен, Тапшылықтың талқанын, Соғыс жылғы өмірдің» деп еске алады. Осынау соғыс жылдарындағы қиын жағдайды басынан кешкен бозбаланың көкейінде бейбіт күнге деген арман-аңсары ауып тұрмауы мүмкін емес еді. Еңбекке де ерте араласқан оның бұл арманына жетуі үшін білім алу қажеттігін түсінді. Айналадағы орын алып жатқан оқиғалар, ағайынның аралас-құраластығы, олардың айтқан әсерлі әңгімелері бала зердесіне құйылды. Тіпті сол кездегі жас геолог Қаныш Сәтбаевтың үйге қонақ болып келуі арманын одан әрі асқақтата түскен. Бұл туралы ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кәкімбек Салықов өзінің естелігінде былайша өрбітеді: «…Садықтың әкесі Қасым – Қарсақбай, Жезқазған, Ұлытау аймағына белгілі сауатты, ауқатты адам. Ол кісі жас геолог Қаныш Имантайұлы Сәтбаевпен алғаш осы алапқа келгенінен бастап дос-жар болған. Қарт Қасекең кейін жастарға 1932 жылы Сәтбаевтың көптеген адамды жұмысқа орналастырғаны, оларға күнкөріс үшін жалақы бергені жайлы айтып отыратын. Ол Сәтбаевпен бірге Ұлытау айналасын апталап кезіп, кен ізі мен көздерін іздеуге көмектескен, сөйте жүріп «оқымаған геолог» атанған Орталық Қазақстандағы Қанекеңнің жақын көмекшілерінің бірі еді. Соған орай Сәтбаев Қасекеңнің үйіне жиі келіп тұрған, ал Садық бала жасынан-ақ осы ғалым секілді танымал да атақты адам болуды армандап өскен. Оны биік таулар, қырлы жартастар, түрлі-түсті сырлы тастар шақырып тұрғандай болатын».

Атақты академиктің кен ісін жүргізуге қатысты парасатты пайымдарын жас Садық көңілге мықтап түйді. Ол үшін мол білім алу керектігін сезінді. «Білімге сеніп көктегем, Еңбегім менің көктеген» дейтіні көп дүниені аңғартады. Қарсақбайдағы мектепте білім алып, өз қатарластарынан көш ілгері болуға ұмтылды. Алдына айқын мақсат қойған, келешегіне үлкен сеніммен қараған азамат қана дегеніне жетпек. Сөйте жүріп он бес жасынан бастап еңбекке араласады. «Покро» шахтасының геологиялық бөлімінде мыс терушісі болып істейді. Осы кезден бастап кен өндірісіне бет қойып, осы салада шыңдалуға бекінеді. Орта мектепті тәмамдаған соң 1951 жылы Қазақ политехникалық институтына «Пайдалы кен қазбаларын өндіру» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 1956 жылы бітіріп шығады. Бойдағы бұлықсыған білім шыңырауда шыңдалуға зор септігін тигізді. Жас маман бірден туған жерге оралып, № 51 шахтаға орналасады. Осында ауысым шебері, учаске басшысына дейінгі қызметтерге көтерілді. Кейіннен №44 шахтаны басқарып, Оңтүстік кеніште бас инженер болды. Өзіне жүктелген ісіне жіті қарайтын жауапты маманның бұл қасиетіне тәнті болған басшылық құрамы Садық Қасымұлын жоспарды орындай алмай отырған Солтүстік Жезқазған кенішіне директорлыққа тағайындайды. 1970 жылы кенішке келген беттен ол рудниктің жағдайымен танысып, жұмысты ұтымды әрі тиімді ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлді. Озаттарды ынталандыруға басты назар аударады. Көп ұзамай жоспарын орындай алмай келген кеніш озат өндіріс орнына айналып шыға келді. Өз ісінің шебері, іскер басшы осылайша жаңа алып техниканы меңгеріп, толық қуатында пайдалануды жүзеге асырды. Батыс кенішінің де басшысы болып бағдарын айқындады.
Садық Асатовтың басшылық қырынан көрініп, өндірістің қуатын арттыруға бел шеше кірісіп, социалистік жарыстың жеңімпазы болуға ұмтылдырған Жәйрем тау-кен комбинаты болатын. 1976 жылы комбинат директоры болып, Жәйрем қаласының негізін қалаушылардың бірі болды.
«Садық ағамыздың есімін ауызға алғанда Жәйремді атамай кету мүмкін емес. Асатов Жәйремді елге қалай танытса, Жәйрем де Асатов атын көпке паш етті. Біз құралыптас адамдар жақсы білуі тиіс, Арқаның төсіндегі Жәйрем кенін игеруді кезінде Мәскеудің өзі ерекше назарда ұстады. Кеңес Одағындағы компартияның ең басты жиыны саналатын – партия съезінде жаңадан ашылған осы өндіріс орнының маңызы жөнінде айрықша айтылды. Өйткені, бұл жер полиметалл мен темір-марганецке өте бай болатын. Міне, осы Жәйрем кен-байыту комбинаты деп аталатын одаққа мәлім өндіріс ошағына С.Асатов басшылық жасады. Сәкең кәсіпорын тізгінін қолға алған уақыттары комбинат құрылысының алғашқы кезегі игеріліп, алғашқы кен өндірілді. Ардақты азамат өмірінің соңына дейін, яғни он үш жыл айтулы өндіріс орнын басқарды», – дейді Нұрперзент Домбай.
Білікті басшының еселі еңбегі сол кезде ескерусіз қалған жоқ. Өңіріне сол кезеңнің жоғары марапаты саналатын «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерін тақты. Мәскеу, Алматыда өткен алқалы жиындарға қатысты. Бірнеше рет Кеңес Одағы Компартиясы мен Қазақтын компартиясының делегаты, кәсіподақ органдарының, поселкелік, қалалық және облыстық Кеңестер депутаты болып сайланды.
Садық Асатовтың замандас-әріптестері оның білікті инженерлік, ұйымдастырушылық қабілетімен бірге ақындық қасиетін жоғары қояды. Өнерге, әдебиетке деген қызығушылығын атақты әнші, ақын-жазушыларды бағалағандығынан аңғаруға болады. Оларды жаңадан бой көтеріп келе жатқан Жәйрем кентіне шақырып, жұмысшылармен, кент тұрғындарымен кездестірді. Сол қадірлі қонақтардың қатарында Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Нұрғиса Тілендиев, Ескендір Хасанғалиев және басқалар да болған. Сондай-ақ, Шынболат Ділдебаев, Жақсыкелді Сейілов, Жағыпар Әлімханов секілді жергілікті талантты өнер иелеріне де үнемі ағалық қамқор қолын созып жүрді.
Жұртшылық оның ақындығын өмірінің соңында білді. Оның шығармашылығына қатысты белгілі ақындар пікірлерін білдіріп жатты. Қазақстанның халық ақыны Тұманбай Молдағалиев: – Садықпен жиі кездеспесем де, көріскен, біліскен, түсініскен сағаттарым бар еді.
Көзінде қуаныш күлкісі ұялаған өр кенші маған қарапайымдылығымен, ақ жарқындығымен, әзілімен, серілік сергектігімен ұнайтын еді. Біздің өлеңдерімізді оқып жүретінін әрбір отырысымызда аңғартып қоятын еді. Бірақ, өзінің өлең жазатыны жөнінде айтқан емес.
…Көп жапырақтың көктей үзілген біреуі боп Садық Асатов жолдас та дүниеден көшкен екен. Ал, өлеңдері Садықтың жанын, кім екенін жақсы айтып, түсіндіретін құрал ретінде, ескерткіш ретінде азаматтың екінші өмірі ретінде құлаққа аса жылы естіледі.
Азамат еді. Адам еді. Ақын екен ғой. Ақыл екен ғой қайран Сәкең. Бұл өлеңдерді қамқор қолмен қарап, бас аяғын жинап, баспаға берген жөн, – десе, Кәкімбек Салықов: «…Өз басым Садықтың өлмес ісі тәрізді Жәйреміне қоса, жан тебірентер лирикасын қалдырғанына қатты қуанамын. Өйткені, Садықтың өлеңдерін – алтын қорымызға қосылатын шынайы сезімнің, озық ақылдың келісті жемісі», – деп баға берген екен.
Кейіннен оның жүрегін жарып шыққан жауһар жырлары топтастырылып «Асатов әлемі», «Құштарлық», «Сәлемде Кішітаудың Серегіне» атты бірнеше кітап болып, оқырманға жол тартты.
Жақсының аты өлмейді. Бұл күнде қаламызда, сонымен бірге өзі негізін қалаған Жәйрем кентінде Садық Асатов атын иемденген көшелер бар. Туған елге қалтқысыз қызмет еткен азаматтың өнегелі өмірі қашанда ұлықтауға, ардақтауға лайық.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттер Я.Асатовтың жеке мұрағатынан алынды.

Комментарии закрыты.