Ұрлық азаяр емес

Қала əкімі Б.Ахметовтың төрағалық етуімен құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссияның жұмысына мемлекеттік мекемелер мен жұмыс беруші кəсіпорындардың бірінші басшылары қатыстырылды. Комиссия мүшелерінің қарауына Сəтбаев қаласы мен Жезқазған кентіндегі телефонның желілік шоғырсымдарын, кəріздік құбырлар қақпағын ұрлау қылмысын ашу жəне алдын алу жағдайы туралы мəселе ұсынылды.

Күн тəртібіне орай, Сəтбаев қаласы ішкі істер бөлімінің бастығы Ж.Қарабеков баяндама жасады.

Баяндамашының мəліметіне сүйенсек, үстіміздегі жылдың 7 айында Сəтбаев қаласы бойынша кабельдік өнімдерді ұрлаудың 94 оқиғасы тіркелген.Ұрлықтың жиі орын алған жерлері – «Промтранс Менеджмент» ЖШС, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС «Қазмыстелеком» жəне «Қазақтелеком» АҚ болып отыр. Қылмысты анықтау жəне ашу жұмыстары қаншалықты жүргізіліп жатса да, ұрлықтың бір болған жерде қайталану оқиғалары жиі кездеседі. Қалада түсті жəне қара металл сынықтарын заңсыз қабылдайтын 16 нүкте жұмыс істеп тұр. Онымен күрестің нəтижесі де көңіл толтырарлық емес. Осы мəселені «Қазақтелеком» АҚ бас инженері А.Зотов, Сəтбаев жылумен, сумен жабдықтау кəсіпорны бастығының орынбасары Б.Баржақсинов, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС «Қазмыстелеком» бастығы Е.Жүнісбеков өз мəліметтерімен толықтырды.

Өткен 7 айда қала көлемінде 5000 метр телефон сымдары ұрланған. Осының бəріне жертөлелер мен үй шатырларының ашық-тесік жатуы, кəріз құбырларының қақпақтарының жоқтығы бірденбір себеп болып отыр. Бір айта кететіні, домофонды есік орнатылған үйлерде ұрлықтың бұл түрі азайған. Ал, Жезқазған кенті бойынша шоғырсымдар ұрлау өткен жылмен салыстырғанда 30 % өскен.

Осының барлығын тыңдай келе, əкім Б.Ахметов тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, қылмыстың бұл түрін ашу бойынша жедел-іздестіру топтарын құруды, барлық су, электр жүйелері, байланыс мекемелерінде күзетті күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, магистралдық жер асты жүйелері нысандарына еркін кіріпшығу жолдарын жабуды, «Инвест-темір» ЖШС Сəтбаев филиалының директорына түсті жəне қара металл қабылдауға жол бермеуді ұсынды.

Əкім қаралған мəселеге қатысты көтерілген сұрақтарға жауап беріп, «Қазақтелекоммен» бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

М.ЖАППАСБАЕВА, комиссия мүшесі.

Комментарии закрыты.