Ұрпақ жадында жаңғырды

Археолог, өлкетанушы Әлкей Марғұланның есімін ұрпақ жадында жаңғырту мақсатында республикалық көлемде іс-шаралар жүргізіліп жатқаны мәлім. Себебі, еліміздің киелі жерлерінің құпиясын ашып, рухани байлығымызды арттыруға өз үлесін қосқан тұлғаларды білу бізге де, келешек ұрпаққа да парыз. Осы мақсатта өзімнің жетекшілігіммен №15 мектептің 6 сынып оқушысы Никита Перегуда Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, ҚР еңбек сіңірген энергетигі Яхия Асатовтың шаңырағында болып, емен-жарқын жүздесіп қайтты. Қасиетті Ұлытау жері мен тарихи тұлғалардың өнегелі өмірін үлгі ету, жас ұрпақ пен аға буын арасында сабақтастықты нығайту көзделген кездесу барысында Әлкей атамыз туралы әдемі естеліктер айтылып, тарих қойнауынан сыр шертілді.

Академик Әлкей Марғұлан – қазақ халқының тарихын, материалдық және рухани мәдениетін ғылыми тұрғыда өте терең әрі кең ауқымда зерттеген ғұлама ғалым. Оның асыл мұралары жас ғалымдар мен зерттеушілердің еңбектері үшін баға жетпес дерек көзі болса, музей мамандары үшін көздің қарашығындай сақтап жүрген құнды жәдігерлер қатарында. Жалпы, Ә.Марғұланның тарихы­мызға қатысты деректерді жан-жақты жинақтау жұмыстары арнаулы экспедицияларға қатысу кезінде басталған. Сондай экспедициялардың бірі 1926-1927 жылдары КСРО Ғылым акаде­миясының академигі А.Ферс­манның, профессор С.Руден­коның басшы­лығы­мен Қазақстан мен Алтай жер­леріне археологиялық және этнографиялық бағытта ұйым­дасты­рылған еді. Осы экспедиция жұмысына қатысқан Әлкей Хақанұлы Ә.Бөкейхановпен тығыз қарым-қатынас орнатып, бiрлесе қызмет атқарады. 1928 жылдан қазақ халқына қатысты әдеби, мұрағаттық материалдар жинақтаумен шұғылданды.
– Оның Ұлытау-Жезқазған өңіріне алғашқы сапары 1943 жылы қыркүйек айында басталды. КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалы ұйымдастырған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс басшысы А.Иманов туралы материал жинауға шыққан экспедицияның оңтүстік бөлімінің басшысы болды. Экспедиция мүшелері Байқоңырда, Қаражар ұрысы болған жер «Талап» колхозы аумағында, Ұлытауда болып, ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушылармен кездесті. Осы оқиғаға қатысты өлең-жыр, естеліктер мен қару-жарақ үлгілерін жинап қайтты. Осы сапар барысында Әлкей Марғұлан Ұлытау жерінде алғашқы археологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, биік шың Ақмешіт Әулиеден ескі қорған табады. «Ескерткіш жанында бақсылық діни-нанымның белгілері байланған ақтық және ат құйрығының үзіктерінің табылуына қарағанда, бұл оба Дешті-Қыпшақ даласына ислам дінінің таралу кезеңінде, яғни, б.з. Х ғасырында дүниеге келуі мүмкін» деп жазады, – дейді археолог туралы әңгімесін одан әрі сабақтаған еңбек ардагері.
– Бұл өлкедегі кең көлемде жүргізілген алғашқы археологиялық зерттеулер Сарысу өзені бойынан басталды. Құрып кетуге сәл қалған көшпелі-отырықшы мәдениет ескерткіштері, ескі  қалалардың қираған орындары, қыстақтар сілемі, қорғандар, суару жүйелері, сәулет өнерінің үлгілері Сарысу өзенінің Кеңгір және Жезді сағаларында мол шоғырланған болып шықты. Ұлытау маңынан онға жуық тас мүсін табылды. Бұл мүсіндердің төртеуі сұр граниттен, қалғандары қызыл құмдауыттан қашап жасалған. Академик Қаныш Сәтбаевтың болжамы бойынша, қызғылт құмдауыт Ұлытау тауларында кездеспейді. Басқа жақтан әкелінуі мүмкін. Граниттен жасалған мүсіндердің бет-бейнесі анық емес. Керісінше, құмдауыттан қашалған мүсіндер сапалы шыққан. Демек, ертедегі мүсіншілер тасты қолдану тәсілдерін жетік меңгерген. Қарқынды зерттеулер Әлкей Марғұланның 1972 жылы Ұлытау-Жезқазған өңіріне соңғы сапары кезінде  барынша іске асты. Ұлытаудың Едіге тауының беткейіндегі Амангелді атындағы кеңшардан оңтүстікке қарай 18 шақырым қашықтықта орналасқан Айбас-Дарасы кешенінде қола заманның төрт қорғаны табылды. Қорғандардан қырыққа жуық қыш ыдыс, қолдан жасалған бұйымдар, жануар сүйектері табылды. Ең құнды жәдігер – салмағы 200 граммдық алтын білезік болды.
Еңбек ардагері: «Бала едім. Ә.Марғұлан ауылдың жөн біледі-ау дейтін көнекөз қарияларының отбасын аралап, жер атауын сұрап, дәптеріне түртіп жүруші еді. Бірде әкем айдалада бас сүйегінің қаңқасын көреді. Әлкей сол жерге апаруын өтінеді. Барған соң жаңағы бастың әрбір қаңқасын өлшеп, зерттеуге өзімен бірге алып кеткен еді», – деп есіне алды.
Еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбек еткен ерлерімізді дәріптеп, ұлықтай білуіміз керек. Халқымыздың біртуар перзенті Әлкей Марғұлан осындай құрметке әбден лайықты.

Қалдыгүл Есмағанбетова,
№15 мектеп мұғалімі.

Комментарии закрыты.