Жаңа әліпбидегі жаңалықтар

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының ұйымдастыруымен «Президент тапсырмасы негізінде қазақ тілі әліпбиінің жетілдірілген жобасын таныстыру іс-шарасы» тақырыбында қаламызда насихат жұмысы жүргізілді.

Насихат жұмысына 85 адам қатысты. Шараның негізгі мақсаты – 2020 жылғы 9 қарашадағы Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің жетілдірілген жобасын таныстыру болды. Шараға спикер ретінде Қарағанды «Болашақ» Академиясының профессоры, тіл жанашыры Құрманғазы Сембиев қатысып, тілдің дыбыстық қорын таңбалау, жаңа емле ұстанымдарын айқындаудағы жазу тәжірибеміздегі жетістіктер, дыбыстық жүйе заңдылықтары, әдеби тіліміздің лексикалық қабатындағы өзгерістер, дәстүрге айналған нормалардың сақталуы, латыннегізді әліпбиді қолданған және қолдана бастаған түркітектес халықтардың емле тәжірибелері туралы түсіндірді. Сонымен қатар, тіліміздің жаңа әліпбиін жасауда қазақ тілінің қалыптасқан, базалық жазу нормалары, ұлттық жазба тіліміздің заңдылықтары ерекше ескерілу керек екендігін тілге тиек етті. Дәріс барысында дыбыстық-әріптік жазу әліпбиде тілдің негізгі дыбыстарының ерекшелігін көрсетуде диакритикалық таңбалар пайдаланатындығын жан-жақты көрсетті. Диакритикалық таңбалар жеке әріп мағынасының мәнін өзгерту немесе нақтылау үшін қолданылатын белгілер болып табылатындығынан хабардар етті. Бұл таңбалар әріптің үстінде, астында орналасып, дыбыстардың жіңішкелігін не созылыңқылығын, әуезділігін, ұзақтығын және тағы басқа айырым белгілерін айқындауда пайдаланылатынын ғылыми деректермен түсіндірді. Бекітілген әліпбидегі Ұ — Ūū (макрон), Ү — Üü (умлаут) таңбаларының өзгергенін айта келіп, оның бірнеше себептеріне тоқталды. У, Ұ, Ү еріндік дыбыстарының тұрқы әртүрлі таңбалармен берілген. Бұл үш дыбыс ұқсас таңбалармен берілсе, жазуда және балаларға үйретуде жеңіл әрі оңай болады. Сол үшін жетілдірілген әліпбидегі У, Ұ, Ү еріндік дыбыстар тұрпаты ұқсас таңбаларға ауыстырылған. Сонымен қатар, У дыбысына Uu таңбасын беруге қатысты ұсыныс көп айтылады. У дыбысын базалық латын әліпбиіндегі Uu таңбасымен таңбалағанда мәтін ішінде тез танылады әрі көзге тез түседі. Осындай себептермен жетілдірілген әліпби жобасында бұл дыбыстар Uu (У), Ūū (Ұ), Üü (Ү) түрінде ұқсас таңбаларымен берілген. Алайда, бұл таңбаларға келіспеушіліктің де бар екені де айтылып, сыни пікірлер мен ұсыныстарға жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар, Ы/І дыбыстарының таңбасы жайлы да айтылды. Ыы дыбысы Yy таңбасымен, ал Іі дыбысы нүктесі жоқ Iı таңбасына ауыстырылғандығының себебі түсіндірілді.
Насихат жұмысына қатысқан балабақша, кітапхана қызметкерлері және колледж, мектеп мұғалімдері ғалымға қазақ тілінің дыбыстау жүйесі бойынша сұрақтар қойды. Тұщымды жауап ала отырып, оң пікір білдірді.

Маржан ӨТЕГЕН,
мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша әдіскері.

Комментарии закрыты.