Жасөспірімдер тәртібі –назарда

Бүгінде өрімдей жастың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді елеңдетіп отырғаны мәлім. Психологтардың мәліметінше, тәртібі қиын баланың есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта береді екен. Ал, бұл – жастардың болашағына балта шабатын, келешегіне кедергі келтіретін әрекет. Қалалық мәслихат депутаттары қоғамдағы осы өзекті әрі аса өткір мәселе бойынша бірқатар білім беру орындарында болып, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарымен танысты.

Қылмыстың алдын алу, баланың бұрыс жолға түспеуі ата-ананың, мектеп пен құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимылына байланысты. Психологтар жас баланың саналы азамат болып қалыптасуында оның жанұяда, мектеп қабырғасында, көшеде көрген өнегелері ерекше орын алатыны жайында өз зерттеулерінде растайды. Сондықтан, жасөспірімнің қылмысқа бой ұру мәселесін болдырмау үшін білім беру мекемелері мен полиция бөлімі, оның ішінде ювеналды полиция қызметкерлері қатаң бақылау жүргізуі тиіс. Мәслихат депутаттары осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен танысу үшін бірқатар мектепті аралады. Халық қалаулылары бұл орайда ювеналды полиция бөлімі қызметкерлерінің атқарып жатқан жұмыстарына ерекше назар аударып отыр. Депутаттар алдымен №25 мектепте атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук аталған мәселенің күн тәртібінде тұрғанын атап өтіп, ол тұрақты комиссия отырыстарында талқыға салынатынын мәлімдеді. Аталған білім ордасында 1 оқушы полиция бөлімінің есебінде тұрса, 11 оқушы түрлі тәртіп бұзушылық жағдайлары бойынша мектептің ішкі бақылауында тұр. Бұлардың көбі сабаққа қатыспаушылық дерегі бойынша тәртіп бұзған. Мектеп басшылығы жасөспірімдермен жұмыс елдегі шектеу жағдайында да жүйелі жүргізіліп жатқанын айтты. Инспекторлармен жасөспірімдер тәрбиесіне қатысты түрлі жиындар, жедел алдын алу шаралары өткізіліп тұрады. Арнайы бақылауда тұрған түрлі санаттағы отбасыларды аралап, рейдтік шаралар ұйымдастырылуда.

Ал, 749 оқушы білім алатын №27 мектепте 7 оқушы мектепішілік бақылауда тұр. Олар да ұсақ тәртіп бұзушылық жағдайлары бойынша есепте. Қазіргі уақытта жасөспірімдердің тәртібін білім ордасы мен оған іргелес орналасқан №14 мектепке ортақ бір инспектор қадағалайды. Тәртіп сақшысына арнайы бөлме қарастырылған. Депутаттар енгізілген шектеулерге қарамастан рейдтік жұмыстарды жиі жүргізу қажеттігін ескертті.

Әли МҰҢАЙТПАС.

Комментарии закрыты.