Ғасырлық мұратымыз

«Біздің қазақ жер аты, тау атын жолда, сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қандай бір өлкеге барсақ та жер, су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады», – деген болатын Мұхтар Әуезов.

Көне түркі тілінде салт-сана, әдет-ғұрпының қаймағы бұзылмаған қазақ елінде ғылымның бір саласын қамтитын тарихи оқиғалармен байланысты жер-су атаулары, адам аттары тағы басқалар есте сақталып, атадан балаға жалғасып жатады. Бұл атаулардың бәрі де халықтың өзі таққан, аялап қойған атаулар, барлығы да ғасырлық мұрамыз. Табиғат көрінісіне, халқымыздың тыныс-тіршілігіне, кәсіп-шаруашылығына, тұрмыс-күйіне байланысты төл сөздерімізден қойылған атаулар қыруар. Осыншама ұлан-ғайыр жерімізден Шығыс пен Еуропа, Орта Азияны жалғастырған әйгілі Жібек жолы да өтті. Әртүрлі халықтар сауда-саттық жүргізіп, өз тілдерінде сөйлеп, мәдени қарым-қатынас жасады. Мың сан атаулардың бір тобы шығу тегі бойынша көне дәуірлерге салса, екінші бір мол легі орта ғасырға қатысты. Жаңа заман атаулар тарихы ХІХ-ХХ ғасырларға тән. Осы атаулардың ішіндегі ең көнелері де, көп өзгеріске ұшырамай, берік сақталғандары да ірі өзендер мен көл, теңіз және тау аттары. Кейбір жерлердің өзіне тән табиғи көркемдігі мен сұлулығына қарай қойылғаны байқалады.
Кез-келген елдің өткені мен бүгінінің сабақтастығы оның жер-су атаулары – топонимдері арқылы көрініс табады. Қазақ елінің де жер-су атаулары халықтың сан ғасырлық тарихынан сыр шертеді. Осы себепті де және еліміздің басынан өткен «сан қилы» заманда көптеген топонимдердің өзгеріске ұшырауына, ұмыт болуына байланысты да жер-су атауларын зерттеу бүгінгі күні өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Топонимика географиялық атауларды зерттейтін ономастиканың бір бөлімі. Топономика гректің topos — орын + опума — есім, ат деген сөздерінен алынған. Ол өзен, су, құдық, бұлақ, көл, теңіз аттарын (гидронимдерді); тау, сай-сала, қырат, жоталар, асулар, орман-тоғай, жайлау аттарын (оронимдерді); елді-мекендердің аттарын (ойконимдерді) жан-жақты зерттейді. Әрбір атаудың өз тарихы, дүниеге келу себебі бар. Демек, топоним атаулы тарихи, географиялық және лингвистикалық мәннен хабар беріп тұрады деген сөз. Мұның өзі белгілі бір өңірдің топониміне қарап сол өңірді мекен еткен ұрпақтың тарихы туралы, тіршілік көзі жайында, ой-өресі хақында, тіптен сезім сұлулығына дейін тамаша хабардар болып, белгілі бір қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Топонимдер құрамына енетін апеллятивтер объектінің табиғи ерекшеліктерін айқын көрсетеді (жер бедері, өсімдіктер, топырақ т.б.). Сонымен қатар, этноним мен антротопонимдерден жасалған топонимдердің де құрамы мол. Бұл топтағы атаулар осы өңірдің этногенезінен толық хабар береді. Олардың кейбіреулері ұзақ уақыт қолданылу нәтижесінде көнеленіп, географиялық атау ретінде қойылу себептері ескіріп, ұмыт болған.
Елiмiз тәуелсiздiк алғаннан кейiн, көптеген жер-су атаулары өз тiлiмiзде өзгертiлiп қалпына келтiрiлдi. Көптеген ойконимдер бiрнеше рет ауысқан себептi бастапқы атауын жоғалтқан. Тарихтың топонимика саласымен айналысып жүрген ғалымдарымыз бұл пікірді тереңірек зерттесе нұр үстіне нұр болар еді. Өлке топонимдерін жаппай жинап, ғылыми тұрғыдан зерттеудің маңыздылығы мектеп оқушылары мен қалың көпшіліктің туған жер туралы білім дәрежесін арттыруға да қажет. Жер-су атауларын жинау, олардың шығу, пайда болу себебін анықтау, әрбір атаудың мән-мағынасын ашу, әсіресе, жастардың туған өлкеге деген ыстық ынтасын, патриоттық сезімін күшейтпек.

Қанат Төлеш,
мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.

Комментарии закрыты.