Бұл біздің басты ұранымыз болады

Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғыр­ған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз.

Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында егжей-тегжейлі баяндап берді. Ел газеті «Егемен Қазақстан» басылымында жарияланған осы мақаланы Сәтбаев қаласының ардагерлері де оқып, танысты.
Қасым-Жомарт Кемелұлы осы 30 жыл ішінде қандай жетістіктерге жеттік, мемлекетімізді нығайту үшін тағы не істейміз, біз келер ұрпаққа нені қалдырдық, қандай елді аманаттап қалдырамыз деген сауалдарға жан-жақты жауап берді өз мақаласында. Осы жолда жеткен жетістіктеріміз бен кемшіліктеріміз толық көрсетілді.
«Бізді қай заманада болса да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдырет – еліміздің қашан да ұпайы түгел, ырысы мол ауызбіршілігі. Бүкіл Қазақстанда тұратын халықтардың, этнос өкілдерінің туған жері де, Отаны да – Қазақстан. Қазақ халқы ешкімді де жат көрмей, өз туысындай бауырына басты. Ешкімді ұлтына қарап бөле-жарған жоқпыз. Сондықтан да біз басқа ұлт өкілдерімен тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Бұл жолда Қазақстан халқы Ассамблеясы тиімді жұмыс атқарғанын айта кету керек», делінген мақалада. Сондықтан ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау – бүкіл қоғамның, әрбір азаматтың міндеті.
Мақалада еліміздің басты байлығы – жеріміз жайлы да, оның келешегі мен қадір-қасиеті жайлы да айтылған. «Бабалардан қалған, мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазақстан жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматтың санасына берік сіңіру қажет. Келесі жылы Жер кодексінің жекелеген нормаларына қатысты енгізілген мораторийдың мерзімі аяқталады. Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізіп, халықтың игілігіне жарату – өте маңызды мәселе. Сондықтан, биыл Жер мәселесі жөніндегі комиссияны құрып, бір байламға келген жөн», дейді Президент өз мақаласында. Бұл сөзі де бізге үлкен медет, соны серпін берді.
Ел Президенті 2021 жылды «Тәуелсіздік жылы» деп жариялады. «Бізді қиыншылықтардан аман алып келе жатқан басты құдырет – ел бірлігі. Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамам және «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі» осыған тікелей жауап. 2021 жыл – Тәуелсіздік жылы. Бұл экономикалық, саяси реформалар жасау, цифрландыру, мүгедектер мен балаларды қорғау, экологияны қорғау жөніндегі жауапты жыл болып саналады. «Жас келсе – іске» деген дана халқымыз. Мен «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды ұсынамын» делінген мақалада.
Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, біз қуатты да тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген бір ауыз сөз – біздің мәңгі ұранымыз болуға тиіс. Біз не істесек те бәрін келешек ұрпақ үшін жасаймыз деген принципті басты қағида ретінде ұстануымыз қажет.
Президенттің мақаласында көтерілген өзекті мәселелер, айтылған қағидалар жастар үшін, бүкіл халық үшін баға жетпес ұлағат пен ұстаным болуға тиіс. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Сабыр Омаров,
Мағзұм Қожахметов,
Сәтбаев қаласының Құрметті азаматтары.

Комментарии закрыты.