Өткен жылды қорытындылады

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің ажырамас міндеттерінің бірі қала аумағын абаттандыру, көгалдандыру, жарықтандыру, сондай ақ, санитарлық жағдайына бақылау жасау болып табылады. Сәтбаев қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұржан Кенжеғұлов өткен жылғы жұмыстың қорытындысын шығарып, 2021 жылға арналған жоспарларымен бөлісті.

– Былтырғы жылы атқарылған жұмыстар аз емес. 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Ұлытау-Абай көшелері мен Тәуелсіздік даңғылын, соның ішінде төрт саябақты абаттандыру және жаңа гүлзарлар салу жұмыстары орындалды. Бұдан бөлек халық көп демалатын орындарды анықтай отырып, жаяу жүргіншілер жолын салу, тротуарлар ауыстыру, жаңа орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату, саябақ шырақтары мен шағын сәулет нысандарын қалыпқа келтіру сынды шаралар қолға алынды. «Тәуелсіздік» стеласына косметикалық жөндеу, балалар алаңдарында жаңа ойын кешендерін ауыстыру сынды жұмыстар жүргізілді», – дейді Сәтбаев қаласының ТКШ, ЖК, АЖ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұржан Кенжеғұлов.

Бөлім басшысының айтуынша, қаланы абаттандыру шеңберінде тұрғындардың демалуы үшін Ұлытау көшесіндегі «Ұлы дала керуен жолы» саябағы және Абай көшесіндегі «Абай аллеясы» сынды екі жаңа орын пайдалануға берілсе, кішкентай бүлдіршіндер үшін 13 балалар ойын алаңы, және 5 жаттығу алаңы орнатылған. Нұржан Кенжеғұлов автокөлік жолдарын жөндеу барысында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Өткен жылы 24 көшені қамтитын автокөлік жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Тәуелсіздік даңғылы, Гурба көшесі және Батыс ауданындағы жалпы ұзындығы 9,5 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізіліпті. Бұдан бөлек Ұлытау, Абай, Ерден, Наурыз көшелері, Тәуелсіздік және Сәтбаев даңғылдары бойында 22 дана жаңа аялдама павильоны орнатылды. Осы аялдамаларда қала автобустары маршруттарының қозғалыс кестесі, ақпараттық және хабарландыру тақтасы қойылған. Ұлытау көшесіндегі көп пәтерлі және Шаталюк, Ерден көшелеріндегі 43 дана көп қабатты үйлердің қасбеттерін жөндеу жұмыстары жүргізілген. Көпқабатты тұрғын үй аулаларына 226 орындық, 485 қоқыс жәшігі, 283 евроконтейнер орнатылды.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.