Ұрпақ санасында мәңгілік қалдырайық

«Билік сыйлаған тұлға – бір күндік, халық сыйлаған тұлға – мәңгілік» деген сөз бар. Міне, сол күллі халық қастерлеп, пір тұтқан тұлғалардың бірі – көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған даңқты батыр, көрнекті қоғам қайраткері, белгілі жазушы – Бауыржан Момышұлы.

Бауыржан Момышұлы тек қазақ халқы қадірлеп сыйлаған тұлға емес, жалпы түрік әлемі құрметтеген, бүкіл әлем мойындаған тұлға. Сол дара тұлғаның есімін қаламыздағы іргелі білім ордаларының бірі – №1мектеп-гимназиясына беру туралы біраз уақыттан бері жоспарлы жұмыстар жүргізіліп келеді. Мектеп әкімшілігі мен педагогикалық ұжымның бұл бастамасы ата-аналар мен оқушылар тарапынан қызу қолдауға ие болуда. Бұл түсінікті де. Себебі, өскелең ұрпақ бойында отаншылдық, имандылық пен ізгілік, әскери міндет пен каһармандық сезімдерін қалыптастыруда жастарға Бауыржан атамыздан артық үлгі болар кім бар?!

Осыған байланысты қала айнасы – «Шарайна» газеті арқылы көпшілікке ой тастауды жөн көрдік. Сол арқылы қалың көпшіліктен, алдыңғы аға буын өкілдерінен, көзі ашық, көкірегі ояу зиялы қауымнан және қаламыздағы қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктерден қолдау күтеміз!

Мектеп әкімшілігі мен педагогикалық ұжымның басты мақсаты – Бауыржандай алыбымызды ардақтай отырып, тек қана қара дүрсін сөзбен емес, Баукеңнің атын дәріптейтін игілікті істермен, тиянақты тірліктермен, ізгі ниетті әрекеттермен ұлтымызға ұран болған ұлы тұлғамызды ұлықтай білу.

Таңатар Ақмолдаева,
№1 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Комментарии закрыты.