Ата-ана алғыс арқалады

Халқымыздың тарихында ерекше атаулы күндер бар. Олар зор мәнге ие. Солардың бірі Тәжік-Ауған соғысы. Тәуелсіздікті мұрат еткен еліміздің қорғандары 1995 жылы Тәжік-Ауған шекарасында айбынды ерлік көрсетті. Қайтпас қайсарлық, беріспес батылдықтың ерен үлгісі болған жауынгерлеріміз мұздай қаруланған лаңкестермен
шайқасты.

1993 жылы Тәжікстанда азамат соғысы басталды. Осы кезеңде жаңадан құрылған ТМД елдерінің басшылары ұйымға мүше Тәжікстанға қолұшын беруге келісті. Елдің Ауғанстанмен шекараласатын аймағы қауіпті болғандықтан, бұл шептің қорғанысын нығайту үшін ТМД елдерінің Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей армиясынан жасақталған бітімгер жауынгерлері аттанды. Қазақ армиясының жауынгерлері бұл шекараны 8 жыл қорғады. Мыңдаған қазақстандық бұл шепте қызмет етті. Алайда, 1995 жылдың көктемінде аттанған топ қанды оқиғаға тап болады. Тәжікстан оппозициясының ірі қарулы тобы Пшихарв шатқалына жақын жүргені анықталып, бұл аймаққа шекаралық бекет тұрғызылды. Осы жылдың 7 сәуірінде заңсыз қаруланған топ шатқал маңында шекарашы жауынгерлерге оқ атып, қарулы қақтығыс орын алды. Бұл уақытта шекара шебін қазақстандық жетінші рота қорғап тұрған еді. Түс мезгілінде басталған ұрыс 5 сағатқа созылып, салдарынан 33 қазақстандық сарбаз жарақаттанса, 17-і қаза тапты. Содан бері бұл күн Ұлттық ұлан тарихында қайғылы күн болып мәңгілік есте қалды.

Құрама рота жауынгерлері тәжік-­ауған шекарасын қырағылықпен күзетті. Мемлекетіміздің қауіпсіздігін сақтау үшін өз өмірін пида етті. Олар тыныштығымызды және бейбіт өмірімізді қорғады. Осыдан 26 жыл бұрын талай әке мен ананы – баладан, әпке мен қарындасты бауырдан айырып, барша қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырған соғыста ерлік көрсеткендер қатарында 40-қа жуық сәтбаевтық жерлесіміз болды. Бүгінде олардың жиырмадан астамы ғана жер басып жүр. Осы шайқастағы батырлар ерлігін ұлықтау мақсатында 4 жыл бұрын «Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарға және әскери қақтығыстарға қатысушылардың» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Жезқазған аймақтық филиалы ашылған болатын. Сәтбаев қаласында екі жыл бұрын құрылған филиал мүшелері патриоттық іс-шаралардың өтуіне өзіндік үлес қосуда.

Осы аптаның басында осыдан 11 жыл бұрын қаза тапқан Тәжік-Ауған соғысының ардагері Махмуд Джандильдиновтың шаңырағында болған филиал мүшелері жауынгердің анасына «Ана жүрегі» төсбелгісін табыс етіп, гүл шоқтарын ұсынды.

– 1979 жылы туған Махмут Шамғанұлы Тәжік-Ауған соғысынан аман-есен отбасына оралып, №65 шахтада абыройлы еңбек етті. Қиын-қыстау кезеңде де, соғыстан кейін де арамыз ажырамады. Сұм ажал ортамыздан алып кеткенімен, артында өшпес ерлігі қалды. Оған тәлімді тәрбие берген ата-анасына алғысымыз шексіз. Өскелең ұрпақ осындай ержүрек жауынгерлеріміздің қайсарлығын білуі тиіс, – дейді қоғамдық бірлестіктің Жезқазған аймағы бойынша төрағасы Қайсар Бимұратов.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.