Бала құқығы қалай қорғалады?

Балалардың құқын қорғау – бәрінен қымбат. Апта басында әкімдіктің кіші залында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету және зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысовтың төрағалығымен кеңес өтті.

Кеңесті жүргізген шаһар басшысы 2020 жылы кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстың 11 жағдайы, ал, биылғы жылдың басынан бері 1 жағдайдың тіркелгендігін атап кетті. Жалпы, есепке 56 қолайсыз отбасы алынған. Онда 75 кәмелетке толмаған бала тәрбиеленуде. Осы отбасылардың әлеуметтік портреті жасалып, 34 отбасы ерекше бақылауға алынған. Осы ретте жедел әрекет ету арнайы мобильді тобы құрылды. Барлық мектептер мен 3 колледжде 25 психолог маман қызмет атқарады.

Кеңес барысында мектеп психологтарының жұмысы туралы білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбеков баяндады. Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу аясында тоқсан сайын психодиагностикалық және психокоррекциялық бақылау жүргізіледі.

Одан әрі психологтар мен жиынға қатысушылар өзара пікір алмасты. Кеңес қорытындысы бойынша қала басшысы жауапты тұлғаларға қала тұрғындары, оның ішінде жасөспірімдер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын сапалы жүргізуді, сондай-ақ, жасөспірімдерге қатысты құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу жөніндегі жоспарды нақты іске асыруды тапсырды.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.