Есеп тікелей эфирде беріліп, сауалдар онлайн қойылды

Сәрсенбінің сәтінде Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов «Ақшам» телеарнасының тікелей эфирінде тұрғындарға есеп берді. Тікелей эфир әлеуметтік желі арқылы көрсетіліп, сәтбаевтықтар онлайн түрде сауалдарын қойды.

Қала әкімі өткен жылдың кеншілер қаласы үшін күрделі жыл болғанын атап өтті.

– 2020 жыл күллі әлем үшін күрделі сынақ жылы болды. Елімізде коронавирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Сын сағатта тұрғындар бір-біріне қолдау көрсетіп, береке, бірлікті сақтады. Қиын күндері індетпен күрескен еріктілердің, медицина мамандарының, полиция мен әскери қызметшілердің, кәсіпкерлердің, қарапайым қала тұрғындарының еңбегін ерекше атап өту керек. Олар ешқандай мақтау, марапат күтпестен, адам өмірін сақтап қалуға бар күш-жігерін салды. Еріктілер күндіз-түні дамыл таппай, ауруханаларға оттегі баллондарын, дәрі-дәрмек тасыды. Біз мейірімді, қарапайым, адамгершілігі мол сәтбаевтықтардың арқасында қиындықты бірге еңсердік.

Бұл сынақ бізге үлкен сабақ болғанын да айта кету ләзім. Індеттің ықтимал екінші толқыны кезінде қала жұртшылығы тағы да қиын жағдайда қалмас үшін қаламыз­дағы бірқатар емдеу мекемелері заманауи құрал-жабдықтармен толықтырылды. Ауруханаларға компьютерлік томограф, цифрлық флюорография аппараттары орнатылды. Перзентхана мен инфекциялық ауруханаға өкпеге жасанды жел беру үшін арнайы оттегі орталығы жасақталып, оттегі палаталарға құбыр арқылы жеткізілді.

Ел игілігі, тұрғындар денсаулығы үшін жасалатын мұндай жұмыстар қаламызда жалғасын тауып жатыр. Соның бірі де бірегейі үстіміздегі жылы құрылысы басталатын 50 орындық модульдік орталық. Бұл заманауи аурухана «Қазақмыс» корпорациясымен бірлесіп жасалған жобаның нәтижесі.

Жалпы, пандемия мен шектеу шаралары туындатқан қиын жағдайға қарамастан, қалада жағымды жаңалықтар көп болды. Облыстан, республикадан болған қолдаудың нәтижесінде кеншілер қаласын көркейтуде үлкен жұмыстар жүргізілді, жолдар жөнделіп, аулалар абаттандырылды. Өңір басшысының қолдауымен бұл жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады, – деді Асқар Ыдырысов өзінің есебінде .
Қала басшысының айтуынша, былтыр 69 аз қамтылған отбасыға тұрғын үй көмегі көрсетілсе, аз қамтылған санаттағы 39 азамат жұмысқа орналастырылған, 4 көп балалы отбасыға 140 мың теңге көлемінде біржолғы қаржылық көмек көрсетілген.

2020 жылы 270 көпбалалы ана қалаішілік маршруттарда қоғамдық көлікті тегін пайдалану құқығымен жол жүру билеттерін алды. Айта кету керек, көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп, қамқорлық көрсетілуде. Жыл басынан бері әкімдіктің, «Қазақмыс» корпорациясының, түрлі қайырымдылық қорларының күшімен көп балалы отбасыларға қолдау көрсету мақсатында 50-ден астам пәтер берілді. «Нығмет» қоғамдық бірлестігі шағын орталығында мүмкіндігі шектеулі 70 балаға психологиялық, педагогикалық, медициналық, әлеуметтік даму сипатындағы түрлі қызмет түрлері ұсынылуда.

Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады. Көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларын баспанамен қамтамасыз ету үшін 15 пәтер сатып алуға қаржы бөлініп отыр. Мұның сыртында қалада салынатын тұрғын үйлерден осы санаттағы жандар үшін тағы да қосымша пәтерлер алынып, өз иелеріне беріледі.

Өткен жыл шағын және орта бизнес өкілдері үшін де оңай болған жоқ. Соған қарамастан, шағын кәсіпкерлік саласы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзінің сүбелі үлесін қосты. Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында жалпы құны 371 млн.теңге болатын 3 жоба жүзеге асырылды. Онда 58 жұмыс орны құрылды. «Бизнестің жол картасы–2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2020 жылы кредиттік қоржынның жалпы көлемі 121 млн. теңге және 18 жұмыс орнын құрумен 13 жоба (кепілдендіру бойынша 9 және субсидиялау бойынша 4) қолдау тапты. Бұл жұмыстар да биыл сәтімен жалғасатын болады.

Қазір қаламызда индустриялық парк ашу жұмысы жалғасып жатыр. 607 жұмыс орнын ашатын 46 инвестициялық жоба биыл іске кіріспек. Қаланың кәсіпкерлік саласы жас кәсіпкерлермен де толыға түсетін болады. Былтыр 5 жас – облыс әкімінің, 9 жас қала әкімінің грантын алып, өз жұмыстарын бастаса, биыл қала әкімінің гранты 20 миллионға дейін өсетін болды. Бұл қала кәсіпкерлерінің қатары тағы да бірнеше жас кәсіпкерлермен толыға түсетінін көрсетеді.
Еліміздегі ең өзекті мәселенің бірі – баспана. Қала әкімі бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табатынын айтты. Өткен жылы 23,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы 5 көпқабатты тұрғын үй құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша кезекте тұрғандар үшін 7-шағын ауданда 56 пәтерлі жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Жалға берілетін тұрғын үйге арналған 56 және 16 пәтерлік тұрғын үйлердің құрылысына тағы екі жобалық-сметалық құжат әзірленді. Бұл үйлердің құрылысы биыл жоспарланған. Сонымен қатар, тағы екі бес қабатты тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу жоспарланып отыр.

– Экономиканың күретамырына қан жүгіртетін сала – жол. Соңғы жылдары қала көшелерінің жолдарын жөндеу үздіксіз жүргізіліп келеді. Рас, пандемия жағдайына байланысты былтыр бұл жұмыста көп кедергілер болды. Кейбір жұмыстар аяқталмай қалды. Бірақ, биыл ол басталған іске нүкте қойылатын болады. Өткен жылы 4, 5-шағын аудан бойынша жұмыстар басталып, 7-шағын аудан бойынша жұмыстар аяқталды. Биыл қаланың 4, 5-шағын ауданын абаттандыруды аяқтап, қаланың төменгі бөлігіне көшу жоспарлануда.

Қалада 4 гектар аумағы бар Жеңіс паркі бар. Оның жай-күйі толық қайта жаңартуды талап етеді және 2021 жылы осы саябақты қайта жаңарту жоспарлануда. Бұдан басқа, ұзындығы 3,5 шақырым Шаталюк және Ерден көшелерін абаттандыру, 20 аялдама бекетін, 6 балалар алаңың, 3 «Street workout» көше жаттығу алаңын орнату жоспарлануда. Сонымен қатар, көпқабатты 20 үйдің қасбеттерін абаттандыру жұмыстары жалғасады.

Өткен жылы басталған «Ұлы дала жолы» кешені биыл да жаңа жобалармен толықтырылып, елдің, әсіресе, қала жастарының жиі жиналатын жеріне айналатын болады. Жалпы, «Абай» аллеясы мен осы «Ұлы дала жолы» аллеясы жастарымыздың таным көкжиегін кеңейтіп, отансүйгіштік, ел, жер тарихын білуге деген ынтасын арттыратын рухани орынға айналады деп ойлаймын. Сондықтан да бұл орындар жыл сайын толықтырылып, жаңғыртылып отыратын болады, – деді қала әкімі.

Қаланы абаттандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінбек. Асқар Абылайұлының айтуынша, биыл қаланың шет аудандары да назардан тыс қалмайды. Осындай бір ілкімді іс – «Юность» стадионына қатысты айтылды. Әне бір жылдары көзден таса, көңілден жырақ қалған осы спорт алаңына биыл жан бітетін болады. Сондай-ақ, жаңадан ашылатын балалар алаңы заманауи материалдармен жабдықталған, балаларға қауіпсіз орын болғалы тұрғанын да ерекше айтып өту ләзім.

Тікелей эфир арқылы өткен жиында қала басшысы осындай нақтылы жұмыстарға қысқаша шолу жасады. Бұдан кейін кезек тұрғындар тарапынан түскен сауалдарға берілді. Әуелі арнайы орындарға қойылған жәшіктер арқылы түскен сұрақтар оқылып, оған тұшымды жауаптар берілді. Сұрақтардың дені есепті баяндамада толық айтылғандықтан, әкім оған көп тоқталған жоқ.

Бұдан соң кезек әлеуметтік желілер арқылы қойылған онлайн саулдарға берілді. Сұрақтың дені тұрғын-үй коммуналдық салаға қатысты болды. Әрине, денсаулық пен спорт, қаланы абаттандыру да елдің назарынан тыс қалмады. Қойылған сұрақтардың қайсына болмасын әкім Асқар Ыдырысов толыққанды жауап берді. Қажет болған жағдайда жиынға қатысып отырған коммуналдық, денсаулық салаларының басшыларына да микрофон ұсынды.

Тікелей эфир арқылы болған кездесуде жанды сұрақтарға де кезек берілді. Яғни, тікелей эфир арқылы тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтерді, шешімі қажет деген сауалдарын қойды.
Кездесуде көтерілген қандай мәселе, қандай сұрақ болмасын аяқсыз қалған жоқ. Ең бастысы, кездесу сондай ықыласты пейілде өтіп, ымырашылдықпен түйінделді. Тіпті, тікелей эфир арқылы әкімнің жұмысына оң бағасын беріп, алғысын айтқан жандар да болды.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.