Рухани жаңғыру талабы

Дамудың даңғыл жолы­на түскен тәуелсіз еліміз­дің жаңа белестерді бағын­дыруы өскелең ұрпақтың қолында. Тіл – ұлттың тірегі. Уақыт талабы болып отырған латын графикасы – шұрайлы тіліміздің таби­ғатын сақтаудың, асқақ­татудың айғақты амалы, қарымды қарекеті.

Қазақ тілі жазуының латын әліпбиіне көшуі, біріншіден, заман талабы, екіншіден, латын әліпбиі жаһандану үдерісінде өркениетке жол ашып, түркі әлемімен бірігуге негіз болады, үшіншіден тарихтың тәлкегінен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылып кеткен қазақ халқы үшін рухани бірлігі мен дүниетанымының тұтастануына алып келетін бірден-бір сара жол болып саналмақ. Жаңа мың жылдыққа ұлы мұратпен қадам басқан еліміздің рухани жаңаруының бастауы латын әліпбиінде жатыр. Латынға ауысу қазақ тілінің дамуына, халықаралық мәдени-рухани және экономикалық байланыстардың нығаюына және ІТ технологиялардың дамуына жағдай жасайды. Нақты және жаратылыстану ғылымдарының озық еңбектері латын қарпімен жазылған.  Латын әліпбиі – рухани жаңғыру талабы. Бүгінгі таңда оның маңызы аса зор. Жаңа технология да, болашақ инновация да латын тілінде. Латын әліпбиін қабылдау бізге ұлттық құндылықтарды, рухани байлығымызды, рухани мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді сақтап, ары қарай дамытуға себепші болады. Біз өз тарапымыздан латын әліпбиінің артықшылықтарын халыққа кеңінен таныстыра отырып, бүгінде ішкі саясатымыздағы басты жетістігіміз азаматтық қағидаларға негізделген қазақстандық бірегейлікті нығайтудың және дамытудың жолдарын көрсете аламыз.
Ұлттық мұрат негізінде қоғамды ұйыстырып, әлеуметтік бірлікті нығайту кез келген көп ұлттық мемлекеттің қоғамдық өмірінің күрделі жақтарының бірі. Латын әліпбиін қолданысқа енгізу арқылы жастардың бойында ана тілге деген құрметті қалыптастырамыз. Шұбарланған тілімізді тазалауға, салт-дәстүрімізді сақтауға, рухымызды асқақтатуға мол мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, рухани құндылықтарымызды дамытудың төте жолы. Тари­хымызды түгендеп, ғылымның әлеуетін арттырады. Білім сапасын әлемдік деңгейге көтереді. Бір сөзбен, ұлтты айшықтап, елдікті ерекшелеп, тәуелсіздікті танытады.

Ақнұр Қанат,
мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мемлекеттік тіл бойынша әдіскері.

Комментарии закрыты.