Оқырмандар үшін оңтайлы

Сәтбаев қаласының орталықтандырылған кітапханасында 2018 жылы Coworking залы ашылды. Күнделікті өмірімізге ене бастаған «коворкинг» сөзі бірге жұмыс жасау дегенді білдіреді. Осы орталықтың ашылуы оқырмандар үшін жақсы жаңалық болды. Бүгінгі күнге дейін коворкинг өз жұмысын белсенді атқарып келеді. Қазіргі кітапханалар енді тек қызмет көрсету мекемесі ғана емес, қала, ауыл тұрғындары үшін зияткерлік демалыс орнына айналды.

Коворкинг орталықтарының ашылуы кітапхананың қызмет көрсету деңгейін еуропалық тәжірибеге негіздеу мақсатында қолға алынуда. Орталыққа келушілердің басым бөлігін жастар құрайды. Оларға емтиханға дайындалуға, дипломдық жұмыстар жазуға, шығармашылық жобалар құруға келеді. Жалпы айтқанда, мұнда интернеттен ақпарат іздеуге барлық мүмкіндік бар. Коворкинг орталығы бірнеше аймаққа бөлінген. Бүгінгі күнге дейін карантин шараларына қарамастан өз жұмысын жалғастырып келеді. Былтырғы жылы жоспар бойынша 24 шара өткізілді. Әрбір шараның көзделген мақсаты мен бағыттары болды. Коворкинг жетекшісі Жұлдызай Сыздықбаева фитнес-жаттықтырушылар Виктория Непомнящих, Ксения Гарник, диетолог Алтынай Жүрсінбайқызы, блогер Алтынай Пернебайқызымен кездесу ұйымдастырды. Олар өздерінің тәжірибелерімен бөлісті. Қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында банк қызметкерлері және жас кәсіпкерлермен жастардың экономикалық білімін тиянақтау, одан әрі танымдылық қабілетін арттыру мақсатында шара өтті. Сонымен қатар, рухани бағыттағы шаралардың да берері мол. Балмағанбет Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттінің бас имамы Қоңдыбай қажы қонақта болып, жастарға «Басқа пәле – тілден» тақырыбында танымдық дәріс оқыды.

Алдағы уақытта да орталықта осы тектес игі істер жалғасын таба беретін болады.

Өз тілшіміз.

Комментарии закрыты.