Екі мəрте «КЕНШІ ДАҢҚЫН» иеленген

Кейде еңбектің кермек дəмін татып өскен, жеті қат жер астынан кен алған кенші ардагерлердің ерлік істері ұмыт қалып жатады. Бір əулеттен екі-үш кенші шығып, ел дəулетін еселеуге үлес қосқандар аракідік кездесіп қалады. Осындай отбасылық дəстүрді жалғап, əке жолын қуған ардагер кенші Төлеу Есенгелдинов жастайынан еңбекке араласты. Əкесі Есенгелдінің салған сара жолында жүріп, ер жеткен Төлеу ақсақал еңбекпен еліне сыйлы болды. 1956 жылы № 45 шахтадан еңбек жолын бастады.

– Əкем Есенгелді Қарсақбайда еңбек еткен кенші болды. Елге нəубет əкелген 1941-45 жылдары майдан даласында болды. Майданнан келісімен Рудникке қоныс аударды. №31 шахтаға забойға кірді. Шахтаның басшылығында Ысқақ Анарқұлов болды. Көп ұзамай денсаулығы сыр беріп, өмірден өтті. Алты жасымда əкеден айырылып, көп қиыншылық көрдім. Жарытып білім алуға да шамамыз келмеді. Ақылбек Жұмашев деген ағайым «Қарағым, Төлеу, сен енді құр жүрісті қойып, еңбекке аралас. Оқудың түбіне ешкім де жетпейді. Еңбекке араласып, болашағыңның іргетасын қала» деген ақылымен əке жолына түстім. Шахтаның астына түсуге əуелгіде тартыншақтап, жүрексіндім. Таршылық уақыт, бір үзім нан үшін не болса да деп, №45 шахтаға кірдім. Бір ай тəжірибе жинақтап, өз еркіммен забойға сұрандым. Қабат-қабат тасты тесіп, ұңғып кен шығару көп күшті қажет етті. Шахтаның барлық құрылымында ол кезде қол еңбегінің күші мықты болды. Он сегіз жыл забойда жүріп, бұғанамды сындырдым. Ауыр жарақаттан соң, жер бетіндегі жеңіл жұмысқа ауысып, 1989 жылға дейін еңбек еттім. Менің еңбегімді бағалап І-ІІ дəрежелі «Кенші даңқы» орденін кеудеме тақты басшылар. Бірнеше жыл қатарынан «Құрмет» тақтасында суретім ілулі тұрды. Қарапайым адамды шыңдайтын да, сынайтын да – еңбек. Менің мұндай дəрежеге жетуіме көп үлес қосқан жан – Мұхит Бөпежанов болды. Ол кісі мен осы кеніште еңбек етіп жүргенімде директорлық қызмет атқарды. Менің кесек мүсінді денемді қағып, «Əй, батыр жұмысың қалай?» деп жігерлендіріп қоюшы еді. Біздің кеніштен Қ.Кентаев, Д.Баймағамбетов, Ф.Лукинский сынды Социалистік Еңбек ерлері шықты. Бақдəулет еңбек еткенге бітеді. Сондықтан да балаларыма, немерелеріме үнемі еңбек етіңдер деп айтып отырамын, – деп аяқтады əңгімесін ақсақал.

Отыз жылдан аса кенші деген атақты абыроймен алып жүрген Төлеу ақсақал еңбегіне қарай əр жылдары Құрмет грамоталарымен марапатталып, «Еңбек ардагері» медалін, «Еңбек екпіндісі» төс белгісін кеудесінде жарқыратса, əр кеншінің үлкен марапаты «Кенші даңқы» орденін екі мəрте тақты. Бүгінде жетпістен асқан Төлеу ақсақал бəйбішесі Ұякүлмен балашағасының, немерелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.