Ерекше рух алды

Бүгінгі жастар Ауған соғысына қатысқан өрімдей жігіттердің Отан алдындағы борышын адал орындағанын ұқсын, олардың патриоттық сезімінен тағлым алсын деген мақсатпен жыл сайын қаламыздағы орталық кітапханада көрмелер, тарихи сағаттар, кездесулер, мәдени іс-шаралар өткізіледі. Жуырда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Ауған – жүректегі жара» кездесу кеші өтті.

Оқушыларды Отанын, елін-жерін сүюге шақырып, патриоттық тәрбие беру мақсатындағы кездесудің басты кейіпкерлері Мақсұт Елтаев, Серік Садықов, Ертай Джанкелдиев «Ардагермен сұхбат» айдары бойынша жастар сауалына жауап беріп, Ауған соғысы туралы әңгіме тиегін ағытты. «Қазіргі бейбіт заман сарбаздарының қандай батырлық, ерлік қасиеттерін көріп жүрсіз?», «Қазіргі жастар өз елінің патриоты ретінде қандай болуы керек?», «Ерлік, батырлық, жауынгерлік» ұғымдарын жастар арасында қалай насихаттаған дұрыс?» деген сұрақтарға жауап берді. Оқушылар оларды бар ықыласымен тыңдап, бойларына ерекше руx алып отырды. Ардагерлер қауымына ән-жырларын арнап, батырлардың жүзіне күлкі сыйлады. Әлемде тек бейбітшілік болса екен деген ниеттерін білдірді. Кездесу соңы естелік суретке түсумен аяқталды.

А.Сарина,
оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі.

Комментарии закрыты.