БАҒА БАҚЫЛАУДА

Өткен сенбіде депутаттар мен Қоғамдық кеңес мүшелері жәрмеңке бағасына бақылау жүргізді.

Бүгінгі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру өте маңызды. Осы мақсатта апта сайын бақылау жүргізіліп, арнайы рейд өткізілуде. Байқағанымыздай, жәрмеңкеде бұрынғыдай көп өнім жоқ. Десе де, қала тұрғындары бұл жердегі бағаның көңіл көншітпейтіндігін алға тартуда.

– Жәрмеңкеге анда-санда бір келемін. Бұл жерде баға деген төмен болуы керек. Алайда, арзандатылған ештеңе көріп тұрғаным жоқ. Бұл орын саудагерлерге тегін беріледі. Халық игілігі үшін кішкене болса да түсірмей ме, – дейді қала тұрғындарының бірі.

Қоғамдық кеңестің мүшесі Абулайс Мулақовтың айтуынша, бұл жерде сатушылардың өзіне қолайлы жағдай жасалмаған. Өздерінде бар стол-орындықтармен сөре жасап алған. Санитарлық талап ақсап тұр. Ауылшаруашылық бөлімі тарапынан рұқсат қағаздары берілгенімен, арнайы бағалар көрсетілмеген. Оның үстіне жәрмеңке өтетін орын халық үшін қолайсыз. Жәрмеңке ортасында жеңіл көліктер оңды-солды, емін-еркін жүр. Бұл жағдайды тәртіп сақшыларына жолдағанымызда, аталмыш орында арнайы белгілер орнатылмағандықтан көлік иелерін тоқтатуға құқығы жоқтығын алға тартты.

Рейд жүргізген арнайы топ бұл олқылықтардың алдын алып, Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында талқыламақ.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.