Тағзым етті

15 ақпанда Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 32 жыл толды. Атаулы күнге орай қаламыздағы «Тағзым» тақтасы алаңында бөгденің болашағы үшін кеудесін оққа төсеген боздақтар еске алынып, рухына тағзым етілді.

Қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина, Сәтбаев қаласы қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Ербол Өткелбаев өз сөздерінде азаматтық парызына адалдық білдірген жауынгерлер ерлігінің өшпейтіндігін жеткізді. Ауған соғысының ардагерлері жат жерде көз жұмған майдандастарын бір минуттық үнсіздікпен еске алып, ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойды.

Жалпы, интернационалдық борышын өтеу үшін Ауғанстан еліне 22 мыңға жуық қазақстандық жіберілді. Олардың мыңға жуығы ұрыс алаңында қаза тапса, ондағаны хабар-ошарсыз кетті. Сәтбаев қаласынан аттанған жүзден аса азаматтардың 57-і ортамызда. Бірсыпырасы басқа жаққа қоныс аударған.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.