Депутат талқысында

Халықаралық аналар күніне байланысты жергілікті бюджет есебінен көпбалалы аналарға бір реттік ақшалай көмек берілетін болады. Кезекті екінші сессия отырысында қалалық Қоғамдық кеңес мүшелерінің осы ұсынысын мәслихат депутаттары бірауыздан мақұлдады. Жиында халық қалаулылары 2021-2023 жылдарға арналған бюджет шешіміне өзгерістер енгізу мәселелерін талқылады.

Сессия отырысын Қайрат Балмағамбетов жүргізіп, жиналғандарға күн тәртібін таныстырды. Алдымен қалалық бюджет туралы шешімдерге өзгерістер енгізу бойынша қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Шапағат Әубәкіровтың баяндамасы тыңдалды. Оған сәйкес, бюджетті сапалы атқару мақсатында сумен жабдықтау жүйесін іске асыру мақсатында 370 миллион теңге қаралса, көппәтерлі үйлердің қасбетін жөндеу мен абаттандыру және этнопарк құрылысына 265 миллион теңге бөлу жоспарланған. Ал, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бағдарламасына сәйкес, көпбалалы аналарға бір реттік көмек ретінде 12 миллион қарастыру көзделген. Бұл көпбалалы 1200 анаға 10 мың теңгеден бөлу нақтыланған.

Жиында сондай-ақ, әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Сәтбаев қаласы мен Жезқазған кентінің мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы, қала азаматтарының жекелеген санаттарының қала ішіндегі қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүруі туралы қаулыға өзгеріс енгізу туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бауыржан Әпековтің баяндамасы тыңдалды. Бұдан бөлек қалалық мәслихаттың 2021 жылға арналған жұмыс жоспары, мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның құрамы бекітілді.

Әли МҰҢАЙТАС.

Комментарии закрыты.