Жұмысымен танысты

Әлеуметтік сала – мем­лекет әлеуетінің басты көрсеткіші. Бұл өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға кешенді әлеуметтік қызмет көрсе­туге негізделеді. Жұмыс­сыздыққа тап болған, отбасында қатігездік көрген жандарға, мүгедектігі бар адамдарға тиімді жағдайлар жа­сау, оларды қоғамға бейім­деу – мемлекет саясатының негізі. Өткен аптада қалалық мәслихат депутаттары Депутат күні аясында бірқатар мекеменің әлеу­меттік қызмет көрсету жұмы­сымен танысты.

Халық қалаулылары алдымен қалалық жұмыспен қамту орталығында болды. Депутаттарға орталықтың жұмысы туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бауыржан Әпеков баяндап берді. Бүгінде орталықта 19 штаттық қызметкер еңбек етуде. Қазіргі күні қаладағы мекеме, кәсіпорындардан 450-ден астам бос жұмыс орнына өтініш келіп түскен.

– Былтыр Сәтбаев қалалық жұмыспен қамту орталығына 3550 адам өтініш білдірген. Оның 2758-і тұрақты жұмыспен қамтылса, жастар тәжірибесіне 94 маман жөнелтілген. Сондай-ақ, әлеуметтік жұмыс орындары 56 адамға беріліп, қоғамдық жұмыстарға 468 азамат жұмыл­дырылған. Қаламыздағы мүмкіндігі шектеулілерге қатысты айтар болсақ, олардың саны 4700-ді құрайды. Оның 295-і бірінші топ, 1677-сі екінші топ, 2434-і үшінші топ мүгедегі. Арнайы күтушінің көмегіне 166 азамат жүгініп отыр. 129-ына міндетті гигиеналық заттар жеткізіліп тұрады. 134 азаматқа шипажайлық-курорттық емделуге жолдама беріледі. Мүмкіндігі шектеулі 79 азамат мүгедектік арбасымен қамтылды. Қаламызда мұнымен қоса инватакси қызметі де жұмыс істеп жатқанын айта кеткен жөн. Ал биылғы жылы арнайы балабақшаның ашылуы жоспарда тұрғанын айтқым келеді. Қала әкімінің бастамасымен ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін күндіз уақыттарын пайдалы өткізетін арнайы орталық ашылмақ, – деді Бауыржан Әпеков.

Депутаттар одан кейін мекеме қарамағындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған шағын орталыққа атбасын бұрды. Мұнда ерекше күтімді қажет ететін балаларды шынықтыруға арнайы залдар, ас үй, ойын алаңдары қарастырылған. Балалардың күтімді қажет ету деңгейіне қарай тәрбиешілер үй жағдайында да қызмет көрсетеді.
Халық қалаулылары жұмыс барысында қиын жағдайға тап болған адамдарға әлеуметтік қолдау көрсететін «QAMQOR» орталығында болып, ұйымның атқарып жатқан жұмысымен танысты. Бүгінгі күні орталықта 2 отбасы уақытша жан бағуда. Оларға пана беруден бөлек, психологиялық көмек көрсетілуде. Орталықтың бас маманы Бақыт Макашева әлеуметтік сауықтыру жұмыстарын баяндап, алдағы уақытта тігін кәсібі бойынша оқыту жоспарланғанын атап өтті. Депутаттар өз кезегінде орталықты паналап отырған отбасылар үшін қайырымдылық шарасын жасап, аз-кем азық-түлік жиынтығын берді.

Әли МҰҢАЙТПАС.

Комментарии закрыты.