Партия белсенділері марапатталды

«Nur Otan» партиясының Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Балмағамбетов ҚР Парламенті Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар депуттары сайлауын ұйымдастыру мен өткізуде белсенділік танытып, айтарлықтай үлес қосқан партия мүшелеріне «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің Алғыс хатын табыстады.

Ол өткен сайлаудың еліміздің саяси өмірінде маңызды оқиғаға айналғандығын, Қазақстан халқының «нұротандықтарға» үлкен сенім білдіргенін, сондықтан, әрбір партия мүшесінің осынау зор сенімді ақтауы тиіс екендігін алға тартты.

– 2021 жылғы сайлауды жоғары деңгейде өткізуде белсенділік танытқандарыңызға алғыс айтамын. Партияның алдында үлкен міндеттер тұр. Басты мақсатымыз – Қазақстан халқының бірлігін арттыру, жастарға мемлекеттіліктің, татулық пен келісімнің өздігінен келмейтіндігін түсіндіру және оларды өрелі істерге тәрбиелеу, – деді.
«ҚР Парламенті Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау кезінде «Nur Otan» партиясының сайлау науқанына белсенді атсалысқаныңыз үшін алғысымды білдіремін. Партияның бүгінгі күндегі жетістігі – сіз сияқты жүздеген мың белсенді азаматтың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Елбасымен бірге қол жеткізген жеңіс Отанымыздың игілігі мен өркендеуіне қызмет етеді. Сізге зор денсаулық, сәттілік және қызметіңізге табыс тілеймін!». Осындай мәтіндегі марапатқа ие болғандар қатарында қоғам қайраткерлері, жастар, спортшылар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бар.

– Мұндай сенімге ие болу – үлкен абырой. Еңбегімді бағалағандарыңыз үшін разылығымды білдіремін. Елбасы басқаратын партия қойған міндеттерді жүзеге асыруға алдағы уақытта да атсалыса беремін, – дейді марапат иесі, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Майра Жаппасбаева.

Өз тілшіміз.

Комментарии закрыты.