«Жасампаздыққа толы жылдар»

Торқалы той осындай тақырыппен өтетін болды

Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті. Президент алқалы жиында ел тарихындағы елеулі мереке құр даңғаза мен ысырапшылдыққа толы шараларға емес, елге пайдасы тиетін нақты істерге негізделуі қажет екенін баса айтты.

Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде әсіресе экономика, әлеуметтік сала мен білім-ғылымға, басқа да өзекті маңызға ие бағыттар бойынша тың жобалар қолға алынатынына тоқталды.

– Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды, ең алдымен, бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек. Тәуелсіздік мерекесінің тұжырымдамасы «Жасампаздыққа толы жылдар» деп аталады, – деді Президент.

Ең бастысы – ел қамы

Бүгінде әлем жұртшылығы күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Осындай алмағайып уақытта қаржыны оңды-солды жұмсап, ұлан-асыр той жасайтын уақыт емес. Тиімсіз форумдар мен конференциялар өткізудің қажеті жоқ. Есесіне халықтың әлеуметтік жағдайына баса мән беру керек. Елдің тұрмысы түзелмесе, жетістіктерді мақтан етудің қажеті жоқ. Ең бастысы, мемлекеттік аппарат осы сенім мен үмітті ақтауы тиіс. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың қадап айтқан тапсырмасы.

– Үкімет менің тапсырмам бойынша Әлеуметтік кодекстің жобасын дайындап жатыр. Кодекс азаматтардың, әсіресе көмекке мұқтаж адамдардың сұранысына толық сай келуі керек. Бұл біздің әділетті мемлекет пен ашық қоғам құру туралы идеямызбен үндеседі. Министрлер мен әкімдер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын берік ұстануы тиіс. Азаматтардың арыз-тілектеріне жедел жауап беру қажет. Ең бастысы, Тәуелсіздіктің игіліктерін әрбір отандасымыз күнделікті тіршілігінде сезіне алатын болса – мақсатымыздың орындалғаны, – деді Мемлекет басшысы.

Жастар басты назарда

Мерейтой жылында атқарылатын шаралардың дені жастарға арналмақ. Президент қойған басты талаптың бірі осы. Себебі, елде не жасалса да, бәрі болашақ ұрпақ үшін жасалуы тиіс.

– Жастарға қатысты келесі мәселе – жұмыспен қамту. Бұл, әсіресе өңірлерде аса өзекті. Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ, жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қазір жастар саясатына қатысты заңдарға қажетті түзетулер енгізілуде. Ендігі жерде жергілікті мемлекеттік органдарды бағалау көрсеткішіне «Жастардың даму индексі» де қосылатын болды.

Өзің біл, өзгеге үйрет

Қазақстанның мемлекеттік нышандарына құрмет – отаншылдықтың көрінісі. Президент ел рәміздерін қолдану ережесін қайта қарауды тапсырғанын, қасиетті көк байрақты үй сыртына және басқа да көрнекті жерлерге ілуге тыйым салуға болмайтынын атап өтті. Ал, қазақ тілін меңгеру  біртұтас ұлт болу жолындағы айрықша маңызды қадам деп бағалады. Сондықтан, тіл үйренуге талпынған отандастарымызды қолдауға шақырды.

– Мемлекеттік тілді білетін әрбір азамат қазақша үйренгісі келген досымен, әріптесімен немесе танысымен өз білімін бөліссін. Мұндай игі іс бір-бірімізге қамқорлықты арттырып, бірлігімізді нығайта түсері сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Ал, ана тілімізді дамыту жайындағы ойын латын графикасындағы қазақ әліпбиімен түйіндеп, латын қарпіне көшіп жатқанымыз Тәуелсіздіктің жемісі екенін айтып өтті.

Наурыз жаңаша тойланады

Елдегі көрікті жерлер жыл өткен сайын жұтаңданып бара жатыр. Осыған алаңдаған ел Президенті «Таза табиғат» жобасын жүзеге асыруды ұсынды. Экологиялық бастамалар жыл сайынғы тұрақты жұмысқа ұласып, өмір салтына айналуы шарт. Осы ретте Ұлыстың ұлы күнін жаңаша атап өтетін боламыз.

– Бабаларымыз Әз Наурыз келгенде бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Осы тамаша дәстүрді жаңа қарқынмен жалғастырайық. Табиғатты тазалап, қоршаған ортаны көгалдандыруды қолға алайық. Мұндай шараларды барлық аймақта ұйымдастыруымыз қажет. Бұл – ата салтымыз, әрі ұрпаққа экологиялық тәрбие берудің ең тиімді жолы, – деді Президент.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.