Аталардан – ақыл, жастардан – талпыныс

Биылғы жылдан бастап қала мектептерінде жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, имандылық пен мейірімділікке тәрбиелеу және салт-дәстүрімізді насихаттау мақсатында «Аталар мектебі» жұмыс істей бастады.

Сондай мектептің бірі Ыбырай Алтынсарин атындағы №19 орта мектепте де бар. Мектептің жұмысын жүргізу үшін осы білім ошағында ұлттық нақышта безендірілген арнайы бөлме бөлінді. Ұлттық дәстүрлерді насихаттаушы Шалабай Лабақов оқушыларға көне заманнан сақталып келе жатқан қазақ халқының салт-дәстүрлерінен шеберлік сағаттарында дәріс береді.

Жақын арада сондай бір сағатқа «Ардагерлер ұжымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Сәтбаев филиалы Кеңесінің төрағасы Сабыр Омаров шақырылды. Сабыр Базылұлы жастарға өнегелі ақыл-кеңесін айтып, батасын берді. Шеберлік сағат барысында ер балалар ат әбзелдері жайында мағлұмат алып, жүген, ноқта сияқты ат жабдықтарын қолдарымен ұстап, олардың не мақсатпен қолданылатынын үйреніп-білді.

«Аталар мектебі» қаланың білім ошақтарында қазақ халқының әдет-ғұрпын, өнегелі дәстүрін жан-жақты насихаттауға және талапты жастар қатарын көбейтуге өз үлесін қосады деген үміттеміз.

Мәди Әлжаппаров.

Комментарии закрыты.