Отбасы тұтастығын ту еткен

Қазақ халқы қыздардың тек сыртқы сұлулығына ғана емес, ішкі жан дүниесінің тереңдігіне де мән берген. Парасатты, ибалы, инабатты болуға үндеген. Осы мақсатта жуырда қаламызда «Ақ отау» қыз-келіншектердің тәрбие жұмысын үйлестіру орталығы ашылды.

Ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина орталықтың алдағы уақытта қандай қызмет атқарып, нендей шараларға атсалысатындығын атап айтты.

– Басты мақсатымыз – қыз-келіншектеріміздің бойына барынша ұлттық салт-дәстүр, тәлім-тәрбиені сіңіру. Асыл аналарымыздың ізі екендігін, еліміздің болашағы, өшпес мұраты осы арулар арқылы ғана сақталып, болашаққа қадам басатындығын ұғындыру. Әжелеріміздің ақылынан нәр алған, иманды, өнегелі, сыпайы да салмақты қыз-келіншектер тобын құрып, бай дәстүрімізді бағалау. Ұлт анасына айналған қайраткер қыздарымыздың өмірін үлгі ете отырып, іс-шаралар, әдеби-сазды кештер, тәрбиелік мәні зор кездесулер мен сайыстар өткізуді жоспарлап отырмыз. Әңгіме, пікір алмасу барысында пайдалы кеңестер айтатын зиялы қауым өкілдері, ұстаздар, түрлі салада қызмет атқарып жүрген арулармен салиқалы сұхбат ұйымдастырамыз. Сондай-ақ, орталық мүшелері бет әрлеу, шаш сәндеу, қолөнер шеберлігі және басқа да сала бойынша пайдалы кеңестер ала алады.

Рухани-адамгершілік тәрбие беретін орталық жас қыздарды әйелдің отбасындағы рөлін меңгеруге үйретеді. Іс тігу, іскерлік, тамақ әзірлеу, өнерге баулу клубтары жұмысын бастамақ. Тіпті, кірді дұрыс жуып, киім үтіктеуді де үйретпек. Психологтар да жұмыс істейтін болады.

– Қоғамда оқушы қыздардың жүктілігі, некедегі келіншектердің ойнастық құруы, ішкілікке салынуы, отбасының бұзылуы, ақыл айтатын әжелердің телефон мен теледидардан түспейтіні, әйелдердің ерін сыйламауы, келін мен ене арасындағы кикілжің белең алып барады. Шариғат тұрғысынан пайымдасақ, мұның бәрі елді құрдымға кетіретін факторлар. Әйел бұзылса – қоғам бұзылады. Бұл тарихта болған, Құранда дәлелденген жағдайлар. Халқы бұзылған талай қауымдар жер бетінен жоқ боп кеткен. Сондықтан, осы келеңсіздіктердің алдын алуда тәрбие жұмысын кеңінен жүргізуіміз керек, – дейді «Харекет» қайырымдылық қорының өкілі Рәш қажы.
Елімізде соңғы кездері ажырасу фактісінің жиілегені белгілі. Әлбетте, бұл мәселені біржақты қарауға болмайды. Енді бұл істі жүйелеу үшін алдағы жылға жоспар түзіліп, арнайы бағдарлама әзірленбекші. Жас жұбайларға арналған дәрістер өткізілмек. Оның аясында барлық сұрақтарға жауап берілетін болады. Көркем мінез қалыптастыру, жастардың бірін-бірі құрметтеуі, отбасының тұтастығын, ене­ мен келін арасында ынтымақты сақтау турасында семинар-тренингтер өткізіледі. Отбасылық міндеттердің ара-жігін ажыратып, күйзеліс пен тығырықтан шығу жолын белгілеп беретін психологиялық көмек көрсетілмек.

Олай болса, қазақ отбасыларының тұтастығын ту еткен орталық жұмысына сәттілік тілейміз. Нәтижесінің де көңіл қуантары сөзсіз.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.