Шеткі аймақтардың шырайы кіреді

Ел ауызекі «низ» атап кеткен шаһардың шеткі аймағын абаттандыру биыл қолға алынатын болды. Бұл жайлы қала әкімі Асқар Ыдырысов жуырда ел алдындағы есебі кезінде айтты.

Жалпы, қаланың шеткі аймақтарын дамыту жайы күн тәртібінен түскен емес. Көрпесіне қарай көсілетін әдетпен қаржының көлеміне қарай азды-көпті жұмыстар бұл аймақтарда жылда жасалып жатыр. Әрине, тұрғындардың талабын бұл істер толық қанағаттандыра алмай отырғаны жасырын емес. Осы күндерге дейін шеткі аймақтардың инфрақұрылымына байланысты көптеген сын да айтылып келеді. Әкімдіктің өзінде бұл мәселе бірнеше мәрте қызу талқыланды. Оған «төменгі» аймақ тұрғындарының «әлеуметтік маңызы бар нысандар, балалар ойын алаңдары мен скверлер тек орталықта шоғырланған, мұндай жаңашылдықтардан шеткі аймақтар үнемі шет қалып жатады» деген өкпе-назы негіз болуда. Жуырда өткен қала әкімінің ел алдындағы есебі кезінде осы сауал қайыра бас көтерген еді. Осы орайда шаһар басшысы қаланың шеткері аймақтарының да шырайланатынын айтты.

Жолдар жөнделіп, алаңдар салынады

Өткен жылы қала жолдарын жаңғырту кезінде қаланың шеткері аймақтарына қарасты бірқатар көшелердің жолдары жобаға келіп қалды. Біраз жерге асфальт төселді. Спортпен айналысуға арналған арнайы алаңдар салынды. Десек те, бүкіл мәселе шешімін тапты деп айтуға әлі ерте. Абаттандыру, көгалдандырумен байланысты проблемалар бар. Сол проблемаларды шешу биылғы жылдың еншісіне тиіп отыр. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі берген ақпаратқа сүйенсек, жер аяғы кеңіген соң қаланың Ұлытау, Қалмағамбетов көшелеріндегі жолдар жөнделмек. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүргізілетін бұл жұмыстар шеңберінде бұрынғы 4 сквер жаңғыртылып, жаңадан заманауи үлгідегі скверлер ашылмақ. Көшелерге шамдар орнатылып, аяқжолдар салынатын болады. Көгалдандыру жұмыстары, балалар алаңдарын орнату, демалыс орындарын жабдықтау, урналар қою сияқты жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілетін болады дейді бөлім мамандары.

– Кеншілер қаласының келбетін қалыптастыруда, тұрғындардың уақытын жайлы өткізуде аулалар, тынымбақтар мен гүлзарлар маңызды рөл атқарады. Карантиндік шаралар енгізілгеннен кейін абаттандырылған қоғамдық кеңістіктерге сұраныс арта түсті. Қала тұрғындары таза ауада серуендеуді бағалай бастады.

Өткен жылы біз бірінші кезекте абаттандыруды қажет ететін аулалардың тізімін жасадық. Олардың қатарына қараусыз қалған учаскелер, бос қалған жерлер енгізілді. Шеткері аймақтарға да басымдық жасалды.

Абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстарға биылғы көктемнен бастап кірісетін боламыз. Қала бойынша 22 аялдама-павильоны орнатылса, олардың қатарында Ұлытау, Ерден көшелері бар. Мысалы, аялдама-павильонның 15-і Ерден мен Гурба көшелерінің бойына қойылатын болады. Сонымен бірге, үстіміздегі жылы 45 тұрғын үйдің қасбеті жөнделмек. Олардың қатарында қаланың шеткері аймағына жататын Ұлытау мен Ерден көшелері де бар, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұржан Кенжеғұлов.

Стадион жаңғыртылып, спорттың бұқаралығы артады

Шеткері аймақтардың шырайын кіргізетін тағы бір ауқымды жоба – көп жылдардан бері көзден таса, көңілден жырақ жатқан «Юность» стадионын жаңғырту. Бұл жұмысты жүзеге асыру арқылы қалада бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндік жасаймыз, қаланың сәулетіне сән береміз дейді қаланың спорт бөлімінің мамандары.

– Спортшыларды даярлау сапасын арттыру және бұқаралық спортты дамыту үшін Сәтбаев қаласында «Юность» стадионын қалпына келтіру қажет. «Юность» стадионын қалпына келтіру ЖҚЖК бағдарламасына енгізілді. Қайта құрудың жобалық-сметалық құжаттамасы және мемлекеттік сараптама алынды. Бүгінгі таңда 172 254 млн. теңге көлемінде бюджеттік өтінім Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына берілген (90%). 19 140 млн. теңге қалалық бюджет есебінен жоспарлануда (10%).

Стадионды қалпына келтіру жеңіл атлетикалық орталық құруға мүмкіндік береді. Онда жүгіруден басқа диск лақтыру, найза, балға, полюстен, ұзындыққа, биіктікке секіру сияқты спорт түрлері болады. Мұнда тек спортшылар ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындары да, оқушылар да жаттыға алады. Бұл жеңіл атлетиканы дамытуға және тиісті жарыстарды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді. Орталық болашақта жергілікті, ал одан әрі облыстық және республикалық деңгейдегі жарыс және жаттығу процестерін ұйымдастыру үшін кешенді объект ретінде өңірлік маңызға ие болады, – дейді қалалық спорт бөлімінің басшысы Зухрап Дауымбаев.

Заманауи емхана «төменгі» аймақта салынатын болды

«Бір жамандықтың артында бір жақсылық болады» дейді атам қазақ. Күллі әлемді күлдібарам еткен коронавирус пандемиясы біздің өңірдің де медициналық саласын бір серпілтті. Басқа түскен қиындықтар еліміздегі емдеу мекемелерінің әлі де болса дәрменсіз екенін көрсетті. Осыдан кейін өңірлерде медициналық мекемелерді заманауи тұрғыдан дамыту жұмыстары қолға алынды. Осы игілікті істің шапағаты біздің қаламызға да тиетін болды. Өзінің тұрғындар алдындағы есебінде қала басшысы қаланың төменгі аймағында 50 орындық жаңа емхана құрылысының басталатынын жария етті. Бұл жөнінде бізге қала әкімдігінің әлеуметтік бөлім басшысы Гүлмира Таңсықбаева тап-тұйнақтай етіп айтып берді.

Гүлмира Өміртайқызының айтуынша, аталмыш емхана «Қазақмыс» корпорациясы басшылығы мен Қарағанды облысы әкімінің арасындағы меморандум аясында салынады екен.

– Сәтбаев қаласы тұрғындарының, кеншілердің денсаулығын бақылау және медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету бағдарламасы негізінде үстіміздегі жылы «Қазақмыс» корпорациясы жаңа емхана мен қазіргі емхананың маңайынан 7 гараж салуды жоспарлап отыр. Заманауи емхананың жобалық-сметалық құжаттары әзір. Қазір оның инженерлік-инфрақұрылымдары зерделеніп жатыр. «Қазақмыс» корпорациясының құрылыс департаменті тарапынан болған сұранысқа орай, қала әкімі кеншілер қаласының шеткері аймағынан, нақтырақ айтқанда академик Қаныш Сәтбаев даңғылы бойындағы 4150 шаршы метр болатын бос жерді ұсынып отыр. Емхана құрылысы үстіміздегі жылы басталады деп күтілуде, – дейді әлеуметтік бөлім басшысы Гүлмира Таңсықбаева.

Этнопарк пен жаңарған «Жеңіс» саябағы жұртшылық жиі жиналар жерге айналады

Қаланың шеткері аймақтарына салынып жатқан мұндай әлеуметтік маңызы бар нысандар бір жағы елдің өскелең талабын қанағаттандырса, екінші жағынан сол аймақтағы тұрғындардың келешекке деген сенімдерін оятып, үлкен серпіліс берері анық. Сондықтан, қала басшылығы шеткері аймақты абаттандыру мақсатында үлкен-үлкен жұмыстар жүргізуді қолға алуда. Соның бірі – жыры таусылмай келе жатқан «Жеңіс» саябағын жаңғырту. Ал, екінші бір ауқымды жоба – «Ұлы дала керуені» кешенінің жалғасы. Қала әкімі өз есебінде бұл жерде биыл шағын этнопарк ашылытанын да айтып қалды.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытауға келген сапарында «Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр» деген болатын. Сол себепті келешек ұрпақ үшін өңіріміздің тарихи орындарынан толық мағлұмат беретін, жастардың Отан мен туған жерге деген сүйіспеншілігін оятатын орын керек. Биыл соны іске асыру үшін «Керуен» композициясының жалғасы ретінде сол жерде жаңадан этнопарк ашылатын болады. Бұл этнопаркте осы өңірде орналасқан тарихи орындар мен жәдігерлердің шағын макеттері (Алашахан, Жошыхан, Домбауыл, Хан ордасы, Аяққамыр, Болған ана кесенелері, аумаққа белгілі «Төрт босаға» атанған төрт бидің барельефі көрініс таппақ. Парк ішіне жаңа ағаштар егіліп, экскурсовод өңірдің тарихын түсіндіретін болады. Аталған жоба Қоғамдық кеңес мүшелері мен ақсақалдар алқасы тарапынан талқыланып, мақұлданды, – деді қала басшысы Асқар Ыдырысов өз есебінде.

Үстіміздегі жылдың еншісіне тиіп отырған ауқымды жұмыстың тағы бірі – «Жеңіс» саябағын жаңғырту. Бұл жұмыс бірінші тоқсанның соңына қарай басталады деп күтілуде. Саябақты жаңғыру жұмыстары аясында көгалдандыру және суландыру жұмыстары жүргізіліп, серуендеушілер жүретін жолдар салынып, демалатын орындар, балалардың ойын алаңдары мен спорт-жаттығу кешендері, шағын архитектуралық мүсіндер орнатылатын болады. Саябақты жарықтандыру мақсатында бағандар жаңартылып, заманауи жарық көздері қойылады. Субұрқақ ашылып, саябақтың қоршауы ауыстырылады. Бейнебақылау кемералары қойылып, қауіпсіздік шаралары да жасалады. Бір сөзбен айтқанда этнопарк пен жаңғырған «Жеңіс» саябағы жұртшылықтың жиі жиналатын жеріне айналмақ.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.