Тәжірибе алмасып қайтты

Тамыз айының алғашқы онкүндігінде Қарқаралы ауданында «Тұрғындар аз қоныстанған елді-мекендерге жəне тұрғылықты мекен-жайларға мəдени қызмет көрсету» атты клуб қызметкерлерінің облыстық форумы өтті. Қатарынан үш күн бойы өткен бұл іс-шараға аудандық, қалалық мəдени-сауық орталықтарының басшылары, əдіскерлері, демалысты ұйымдастырушылар мен аула клубтарының жетекшілері қатысты. Форумның басты мақсаты – тəжірибе алмасумен қатар, əр түрлі үлгідегі тренингтер, сауықтыру, ойын-шоу бағдарламаларын ұйымдастыруға, жүргізуге үйрену жəне өз жұмыстарына енгізіп, пайдалану болды.

Форум барысында «Біздің дағдылы күндеріміз бен мерекелеріміз» тақырыбында облыстық сурет көрмесі, «Болашақтың клубы» атты шығармашылық жобалардың байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталды.

Осындай кең көлемде өткізілген шараға біздің қаланың мəдени-сауық жəне мəдени-сауықтыру спорт орталықтарының қызметкерлері мен өнерпаздары қатысып, өздерін танытып қайтты. Олар өткен алты айдағы атқарылған жұмыстарын бейнетаспа арқылы да, іс жүзінде де көрсетті. Сонымен қатар, «Болашақ» аула клубының ашылу рəсімін жүргізіп, олжалы оралды.

Сəтбаев қаласы «Аула клубының үздік жұмысы» атағы бойынша дипломмен марапатталса, Жамал Омарова мен Мəдина Джумабекова Қарағанды облысы мəдениетінің дамуына белсене қатысқаны үшін грамотаға ие болды.

Облыстың мəдени-сауық жəне халық шығармашылығының ғылыми-əдістемелік орталығы өткізген бұл форумда қатысушылар Қарқаралының керемет табиғатын тамсана тамашалап, əрі демалып, əрі тəжірибе жинап қайтты.

М.ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.