Пәтер иелері бірлестігі не өзгерте алады? Несімен тиімді?

Қала әкімінің ел алдындағы есебі кезінде тұрғындар тарапынан Пәтер иелері бірлестігіне қатысты көптеген сұрақтар қойылды. Осыған орай біз 2019 жылғы 20 желтоқсанда қабылданған тұрғын үй қатынасын реттейтін жаңа заңда айтылған көпқабатты үйлерді күтіп-ұстаудың жаңаша жолдары жайлы сөз етпекпіз. Ол қандай жол және оның тиімділігі қандай?

Баршаға мәлім, бүгінде көп қабатты үйлерді пәтер иелері кооперативі басқарады. Бірақ, тұрғындар тарапынан оған шағым көп. Өйткені, 15-20 үйді қарамағына алған ПИК (пәтер илерінің кооперативі) тұрғындардан жөндеу жұмыстарына деп ақша жинайды, бірақ ол қаражаттың нақты қайда жұмсалып жатқанын ешкім білмейді. Сондықтан, адамдар «жиналған қаражат қайда, үйіміз неге жөнделмей жатыр?» деп шағым айтады. Оның үстіне, мемлекет ПИК жұмысына араласа алмайды. Сондықтан, тұрғын үй қатынастарын реттеу үшін жаңа заң қабылданды.

ПИБ – қаржы ашықтығы

Жаңадан қабылданған заңға сәйкес, пәтер иелерінің бірлестігін (ПИБ) құру қажет. Бұл тұрғындар тарапынан жиналған қаржының қайда жұмсалғанын көрсететін ашықтықты қамтамасыз етеді екен. Ол үшін әр көп қабатты тұрғын үйдің банктен екі шоты – ағымдағы және жинақ шоты болады. Ал, пәтер иелері кооперативінде 15-20 үйге бір шот ашылады. Тұрғындардың ақшаның нақты қайда жұмсалып жатқанын біле алмайтыны сондықтан.
Сонымен, пәтер иелері бірлестігінің ағымдағы шот қаражаты ағымдағы жөндеу жұмыстарына арналады. Слесарь, сантехник, дәнекерлеушінің еңбекақысы осы шоттан төленеді. Ал, жинақ шот қаржысы, мәселен, 5-10 жылда бір рет жасалатын күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсалады.

ПИБ қалай құрылады?

ПИБ (пәтер иелері бірлестігі) құру үшін қазір қадамдық алгоритм жасалды. Ол бойынша әуелі тұрғындармен кездесу өткізіледі. Онда барлығы ПИБ құруға келісуі керек. Сосын кеңес құрылып, оның мүшелері үй төрағасын сайлайды. Хаттама бойынша үйді басқару өкілеттігі төрағаға беріледі. Ол содан кейін жасалып қойған дайын үлгіге қарап, ПИБ-тің жарғысын дайындап, жарнасын төлеп, Әділет басқармасына тіркетеді. Содан соң банктен екі есепшот аштырады. Оларға тұрғындар тұрғын үй инспекциясының ұсынысымен жергілікті мәслихат бекіткен көлемде жарна аударып тұрады. Егер тұрғындар ағымдағы шотқа көбірек ақша жинағысы келсе, еріктері өзінде.

Өзге компаниялармен бірігу

Қала әкімінің есеп беру жиынында тұрғын үйлердің қасбетін, төбесі мен подъезін жөндеуге қатысты да өтініш-шағымдар аз болған жоқ. Әрине, мұндай шешімі қиын істерді ПИК пен ПИБ өз беттерімен атқара алмасы да рас. Сондықтан, үйді күтіп-ұстауды басқарушы компанияға да беруге болады. Ол кезде үй төрағасы компаниямен келісім-шартқа отырады. 10-20 үй бірігіп те басқару ісін сервистік компанияға тапсыра алады. Компанияның қызмет ақысы шоттағы ақшадан төленеді. Көрсетілген қызметтің қаражаты келісім-шарт арқылы аударылады. Яғни, шоттағы ақшаны басқарушы компания да, үй төрағасы да қолма-қол ала алмайды. Бұл қаржы операциясының ашықтығын, тазалығын сақтау үшін қажет. Сонымен бірге сайт арқылы басқарушы компанияның жұмысын, қаржыны қалай, қайда жұмсағанын біліп отыра алады.

Төрағалардың сертификаты болуы керек

Сайланатын пәтер иелері бірлестігінің төрағаларында міндетті түрде сертификаты болу керек дейді мамандар. Ол – «Тұрғын үйді басқару менеджері» деген мамандықты растайтын құжат. Онсыз ешкім үй төрағасы қызметін атқара алмайды.
Тек төрағалардың ғана емес, басқарушы компанияның қарамағында істейтін мамандардың да қызметтерін растайтын сертификаттары болуы тиіс. Яғни, компания жұмысшылары кәдімгі кәсіби білікті мамандар болуы қажет. Бұрын слесарь, сантехник секілді мамандық иелері санаттары бойынша жұмысқа қабылданатын. Сол талапты қайтадан күшейту керек дегенді де алға тартып отыр мамандар. Жұмыс сапалы атқарылуы үшін оны істейтін адамдар өз ісінің мамандары болмаса, ертең міндетті түрде тұрғындар тарапынан реніш туындайды. Жасыратыны жоқ, кейбір ПИК басшылары жөндеу жұмыстары кезінде мамандарды еңбек биржасынан алып жатады. Жарнама арқылы да алатындар бар. Ал, олар тапқан мамандардан тиісті сертификат та сұралмайды. Бұл өз кезегінде ертең жұмыстың сапасына кері әсерін тигізіп жатады.

Меншік иелері де кіреді

Жаңа Заңда кез келген меншік иесі берлестікке кіретіні айтылған. Ол қалай? Бұрын көп қабатты үйлердің бірінші қабатындағы дәмхана, дүкендер пәтер иелері кооперативіне кірмеген. Кәсіпкерлер өздерінің ғимаратын кәсіпкерлік нысаны ретінде қабылдағандықтан, бірлестік мүшесі болып саналмаған. Ал жаңа ереже бойынша көп қабатты үйде орналасқан дүкен, дәмхана мен басқа да бизнес нысандары ПИБ-ке өтуі тиіс.

P.S. Сонымен, ПИБ-ке көшіру – уақыт талабы деп жатыр мамандар.
Жаңа жүйеге көшу үшін тұрғын үй инспекциясы тұрғындармен екі рет кездесу өткізіп, ПИБ-ке өтуге шақырады. Егер ешқандай әрекет болмаса, үшінші жиналыста басқарушы компанияны мәжбүрлі түрде бекітіп береді екен деген әңгіме де айтылып қалып жүр. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады. Жалпы Сәтбаев қаласында осы жаңа жүйеге көшудің жайы қалай. Кеншілер қаласында қанша ПИК, қанша ПИБ бар? Жаңа ПИБ-тердің жұмысы қалай басталып, жүріп жатыр деген сауалдар төңірегінде газетіміздің алдағы санында жан-жақты әңгімелейтін боламыз.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.