Білікті бапкер

Спортшымен тілдесе қалсақ, бапкеріне деген алғысы мен құрметін жаудыратын сәттер аз емес. Әлбетте, жеңіс тұғырынан көрінген азаматтың маңдай терімен жеткен биігі бірінші кезекте бапкер еңбегінің жемісі екені даусыз. Әр шәкіртінің жеңісі мен жеңілісінде жанынан табылатын адам да сол – бапкер. Қаламыздағы бокс мектебінің негізін қалаушы, бапкер-жаттықтырушы Есіркеп Түсіповтің есімі сол құрметке ие жандардың көш басында тұр.

Ұранды елдің ұрпағы қайсар болатыны бесенеден белгілі. Бірбеткей мінезі, қайраттылығымен талай жерде қарсыласының сағын сындырған азаматтар Сәтбаев қаласында жетерлік. Белдескеннің белін сындырып, тірескеннің тізесін бүктірген қазақ ұлдарына тәлімін беріп жүрген Есіркеп Түсіпов көпке үлгі.

Жасы жетпіске тақап қалса да спорттан қол үзбей, жанына бала кезінен серік етіп, байрақты бәсекелерде қазақтың туын желбіретуге үлес қосқан ардагер спортшы Есіркеп Түсіпов 1954 жылы Жезқазған кентінің 18-ші ауылында туып-өсті. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ жора-жолдастарымен спортқа деген қызығушылығын таныта бастады. Ол үшін бокстың орны бөлек-тін. Ауыл балаларымен жекпе-жекте ешбірін шақ келтірмей, үнемі алдыңғы орынға шығып отырды. «Шынықсаң шымыр боларсың» деген ұранмен күндіз-түні тынбай жаттығып, қатарының алды болуды мақсат етті. Алға қойған арманының орындалуына Сәтбаев қаласында «Жастар» спорт сарайының ашылуы септігін тигізді. 14 жастағы жасөспірім күнделікті жаттығудан қалмай бара бастады. Он жыл бокспен шұғылданғандығы өз нәтижесін бермей қоймады. 1973 жылы Петропавл қаласында өткен ҚР чемпионатында алпыс келі салмақта екінші орынды еншілесе, 1978 жылы Алматыда өткен ҚР чемпионатында үшінші жүлделі орынды қанжығасына бөктерді.

Мектепті тәмамдаған бозбаланың құрылыс комбинатына жұмысқа орналасып, тұрмыстың тапшылығынан еңбекке ерте араласуына тура келді. Осылайша жас баланың таудай талабына заманының заңы кедергі болып тұрып алды. Кейін уақыт өте келе алға қойған мақсатына айқын жол ашылды. Алматы қаласындағы денешынықтыру және спорт академиясында білім алды. Мұның өзі Е.Түсіповтің бағындырған белестерінің шыңы деуге әбден болады.

Сексенінші жылдан бері жаттықтырушылыққа ден қойып, ашық біріншіліктер, додалы кездесулер ұйымдастырды. Айта кетейік, оның ұстаздық мектебінде шыңдалып, тәлім алған жастардың көбі республикамыздың түкпір-түкпірінде, шет елдердегі айтулы додаларда ел намысын қорғады. Олардың қатарында Әділхан Аманкелді, Нұржан Қасқабаев, Дамир Нұрманов, Нұрлан Жақыпов, Асылбек Ахметов, Шамиль Вахитов бар.

– Спортқа баулығын алғашқы ұстаздарым – Роберт Шерезянов пен Борис Ульянов еді. Солардан үйренгенімді жалғастырып келемін. Аймағымызда бокс спортының дамуы жаман емес. Өз ісінің шеберлерін дайындау үстіндеміз. Биік шыңдарды бағындыру үшін оларға дем беріп, қолдау қажет, – дейді ардагер спортшы.

Мұнысы орынды. Қазақтың қанына сіңген қасиетін жоғалтпай, жастарды ел намысын қорғауға жетелеген Е.Түсіпов өңіріміздегі спортшылар көшінің басында тұр.

Әли МҰҢАЙТПАС.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.