Өмірі – өлең, өлеңі – өмір

Апта басында қаламыздағы Кеншілер сарайында өткен «Поэзия менімен егіз бе едің?» аймақтық байқауы осыны тағы да дәлелдей түсті.

Өткен ғасырдың асыл мұралары қатарына жататын ақын жырларында бүкпесіз, ақжарқын көңілмен сазды сыр төгіп отырғандай болады. Әр шығармасынан қимылын, дауысын, мәнерін естіп, мінез-құлқын танимыз. Өйткені, өлеңнен сыр ірікпеді. Жан дүниесін ашты, құпияларын жария етті. Кіршіксіз сезімдерін өлеңмен де, өмірмен де бүкпесіз қауыша отырып жеткізді. Ақынның өзі «Егер шынымен менің өмірбаянымды, шығармашылығымды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінемін» деген екен. Осыны есте ұстағанын байқаудың «Мәнерлеп оқу» кезеңінде айқын танытты қатысушылар. Туған жерге, Отанына арналған жыр маржандары төгілгенде бойымызды патриоттық сезім билеп алды. Поэзияға жан бітті. Міне, ақиық ақын мұрасының құдіреті осында шығар.

Күйзеліс пен қуаныштан, шын сағыныштан, шалқыған шабыттан туған махаббат тақырыбындағы жырлар ұлы сезімге бас идіргендей. Мән-мағынасымен, шынайылығымен, тазалығымен баурап, талай әнге арқау болды. «Әнсіз өмір өмір ме, қаңсымай ма, Өзегіңді дерт басып, жаншымай ма…» деген ғасыр ақынының поэзиясына жазылған әндер бүгінде қазақ музыкасының алтын қорына енді. «Сарыжайлау», «Дариға, домбырамды берші маған», «Сөнбейді, әже, шырағың», «Фариза қыз», «Сәби болғым келеді», «Есіңе мені алғайсың», «Тоқта, ботам, атаң келеді артыңда», «Қариялар азайып бара жатыр», «Ақ қайың», «Мен деп ойла» сияқты мәтіні мен музыкасы сәтті үйлескен тамаша әндер «Вокал» кезеңінде жас әншілердің кәдесіне жарады. Сарқылмайтын шабыт пен сағынышқа толы әндер шарықтата шырқалды. «Шаң басқан архивтерден табылармыз» деген ақын мұрасының мәңгілік екендігі айқындала түсті. Сүйіспеншілігін осылайша танытқан ақынжанды жастар «Ақындық өнер» кезеңінде арнау өлеңдерін де оқыды. Ой мен сезім астасып, жүрек түбін жарып шыққан асыл жырлар поэзия жайлауына атбасын бұрғызды. Қазақ поэзиясының марқасқасы, өмірі өлең, өлеңі өмірге айналған таутұлғалы талант иесіне арналған байқау ерекше сезім мен сырға толы болды. Ақын өлеңдері насихатталды, сөз киесі құрметтелді.

– Мұқағали шығармалары арқылы жастарымыздың бойына патриоттық тәрбие, ұлттық болмысты қалыптастыруға міндеттіміз. Өлеңдерінен көрініс тапқан ірі ақындық қуат пен азаматтық ар-намысты, биік рухтың жемісін ұғына білуіміз керек. Ұлттық рухты азамат болу үшін де дарынды дарабоздың еңбектерін дәріптеуіміз керек. Рух – тәуелсіздіктің көк байрағын желбіреткен күш. Олай болса, қазақ халқының рухы әрқашанда биік болуы тиіс», – деген мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш Мұқағали мұрасының жас ұрпаққа насихаттала беретіндігін жеткізді.

Иә, армандар әнмен тербелді. Рухани әлеміміз байыды. Өмірдің мәні өлеңде екендігін ұқтық. Поэзия патшалығында жарқ етіп танылып, топжарған жарық жұлдыздар лайықты марапатқа, сый-мен құрметке бөленді. Бұл жолы болашақта ұлттық мұраға қосылатын асыл қазыналардың қатарын сәтбаевтық Индира Түсіпова, ұлытаулық Еламан Зәйни, жезқазғандық Мақсат Тіллахан толықтырды.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.