Гүлсім ЕСМҰРЗАЕВА, Қалалық қоғамдық келісім Кеңесінің төрайымы: «Бұл уақыттың өзі тудырған мереке»

Қазақстан РеспубликасыныңТұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1 нау­рызды «Алғыс айту» күні деп жариялаған болатын. Содан бері міне, бес жыл бойы осы мереке үздіксіз аталып өтілуде. Десек те, кейбір оқырмандарымызды «Алғыс айту» күнінің маңызы неде, ол Қазақстан халқын ұйыстыруда қандай рөл атқарады, жұртшылық бұл атаулы күннің мәнін түсінді ме, деген сұрақтардың ойландыратыны да жасырын емес. Осы орайда біз Қалалық қоғамдық келісім Кеңесінің төрайымы Гүлсім Есмұрзаеваға жолығып, жоғарыдағы сауалдар төңірегінде әңгімелескен едік.

– Елімізде 1 наурыз — «Алғыс айту күні» болып 2016 жылдан бастап атап өтілуде. 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде «Алғыс айту күні» деп жариялап, №173 Жарлыққа қол қойған болатын.

Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Елбасымыздың бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді. Бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Осы орайда мына бір әңгімені айта кеткім келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын мен Шешенстан астанасы – Грозный қаласында және Аргун атты қалада іс-сапарда болғаным бар. Сол жолы қала тұрғындары Қазақстан делегац­иясына жақындап, өздерінің бір кездерде туғандарымен біздің елімізді паналағанын, қазақтардың қонажайлығын, мейірбандығын айтып, бізбен суретке түсіп, қазақ тілінде сөйлеп, мәре-сәре болды. Сондай шет жерде жүргенде өз халқымыздың биіктігін, ұлылығын, даналығын сезіндік. Өзге ұлттың қазақтарға деген ерекше құрметін сезіндік. Алғыс айту күні – күрделі заманды иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күні. Елбасымыз «Алғыс айту күні» туралы: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн  – мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын. Шынында да, бұл күн тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу күніне айналды.

«Алғыс айту күні» – қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні. Бұл – репрессия мен жер аудару жылдарында біздің халық көрсеткен мейрімділік пен ақ көңілдік, қолда бармен бөлісу, көмек көрсету сынды рухани дәстүрлер күні.

«Алғыс айту күні» қазақстандық патриотизмнің, достық пен бірлігіміздің, мәдени саналуандығымыздың жарқын күні. Себебі Елбасы 100-ден аса этностың әрқайсысы өзінің қайталанбас өрнегін салуының нәтижесінде біздің Біртұтас Ұлтымыз бірегей артықшылықтар иесіне айналғанын атап өткен еді.

«Алғыс айту күні» – Қазақстан халқын мәңгілікке біріктіруге бағытталған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтас­тыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының күні.

Егер талдап айтар болсам, бұл күннің мәні мен маңызы осылай жалғасып кете береді. Ең бастысы, «Алғыс айту» күнін біз өзімізді өзіміз көрсетейік, көтерейік деп жасағанымыз жоқ. Бұл уақыттың өзі тудырған мереке. Кешегі «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» дегенді айтатын көнекөздер қазір жоқ. Кезінде солардың етегінен ұстап келгендердің өзі ақ сақалды қария, ақ жаулықты кейуана болды. Міне, солар өздерінің көрген қамқорлығы мен жақсылығын кейінгі ұрпақтарға жеткізіп, алғысын білдіріп, оны айта жүруді кейінгілдерге мұра етіп қалдырулары керек. Бұл күннің басты мақсаты да сол.

Қаламызда қоғамдық келісім және ұлтаралық бірлік саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру сұрақтары бойынша қоғамдық бірлестіктермен байланысты қамтамасыз ететін және жас ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеу, отбасы тәрбиесі, қоғамда тұрақтылықты сақтау сұрақтары бойынша іс-шаралардың өтуіне ықпал ететін ұйымдар жұмыс істейді. Біз үшін бейбіт өмір, ұлтаралық және дінаралық келісім өте маңызды.

Қала тұрғындарын алғыс айту күнімен құттықтай отырып, қайырымдылық дәстүрлерімізді одан әрі жаңғыртып, ортақ тарихымыз­ды, бір-бірімізді бағалай білейік дегім келеді.

Жазып алған
Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.