Қош келдің кенді өлкеге, Серік батыр!

Ұлт мерейін асырған ХХХ жазғы Лондон олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогының, «Отан» орденінің иегері, халықаралық спорт шебері, Қазақстанның бокс бойынша еңбек сіңірген спорт шебері, «Парасат» орденінің кавалері, әлемнің екі дүркін чемпионы Серік Сәпиев кеншілер мерекесінде кенді аймаққа табан тіреді.

Онымен жеке жаттықтырушысы Александр Стрельников еріп келді. Қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиева, «Қазақмыс» корпорациясы «Жезқазғантүстімет» ӨБ әлеуметтік нысандарды бақылау бөлімінің бастығы Тоғызбай Тәжбенов және сәтбаевтық тұрғындар ел мақтанышын Жезқазған әуежайында күтіп алды. «Жарайсың, Серік!», «Жаса, Серік!» деп ұрандатқан кеншілер шаһарының тұрғындарына деген оның ризашылығы шексіз. – Бақ пен бап қатар шапқан додада біз ел сенімін ақтадық деп ойлаймын. Әрине, мұндай жеңіс оңайшылықпен келмейді ғой. Төккен тер мен қаншама дайындықтың нәтижесінде осы жеңіске қол жеткіздім. Бұл жеңіске жетуіме тілектес болған қарағандылықтар мен осы табан тіреп тұрған Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау тұрғындары тілеуінің де арқасы деп білемін. Жақсы бір демалып, тыныққаннан соң, келесі жарыстарға дайындық жүргіземін, – дейді батыр. Қанында бар қайсарлық оны биіктерге жетеледі. Қанында бар дейтініміз, ол – атақты Қыпшақ Қобыланды батырдың ұрпағы. Бабасының өр мінезі дарыған Серік Жұманғалиұлының өнеріне дүйім жұрт тамсанды кешегі Олимпиадада.

Олимпиаданың соңғы күнінде миллиондаған қазақ жанкүйерін қобалжытып, «енді қалай болар екен?» деп отырғанда жетінші алтынды қоржынға салғаны жалғыз қазақ баласының мерейін үстем етті. Ол жеңіс тұғырына көтеріліп, Көк байрақ желбірегенде көзімізге жас алғанымыз рас.

Тілеуін беріп, батыры еліне олжамен оралғанда қуанбаған қазақ болмаған шығар?! Серіктің бұл жеңісінде Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, Серікті он бір жасынан бастап осы спорт түріне баулып, бүгінде әлемнің екі дүркін чемпионы атандырған Александр Стрельниковтың еңбегі ұшан-теңіз. Лондоннан Серік тек олимпиаданың жүлдесін ғана олжалап қайтқан жоқ, әлем бойынша үздік боксшыларға берілетін Вэл Баркер Кубогін қанжығасына байлап қайтты. Мұның барлығы да еңбекпен келген жеңіс.

Жаса, қазақтың Серігі! Әлі де елің сенен жеңіс күтеді!

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.