Азат елдің ар-намысы – Ата Заң

Осыдан он жеті жыл бұрын бүкілхалықтық референдумда қабылданған Ата заң Қазақстан азаматтарының күнделікті өміріне қажетті сұрақтардан бастап, стратегиялық маңызы бар мәселелерді шешуге негізделген құжат. Оның басты көздейтін нысаны – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.

Конституция осы жылдар ішінде жас мемлекеттің, билік пен басқару жүйесін жан-жақты нығайтып қана қоймай, ел экономикасын түбегейлі реформалауға, сыртқы және ішкі саясаттың оң нәтижелі жүзеге асуына ықпал жасады. Қоғамда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын орнатты. Бір сөзбен айтқанда, Ата заң – қоғам дамуының түпқазығына айналды.

Біздің заң әлемдегі ең жас Конституция. Қазір толысу мен толығу сәтінде. Кейде, оған өзгерістер енгізуге ұсыныс болады. Алайда, Конституцияны өзгерте беру қоғам үшін, әр азамат үшін тиімсіз. Даму мен өркениеттің жолына түскен еліміздің қазіргі Ата заңы қазақстандық азаматтардың құқығын қорғауда көпке дейін

қызмет жасары сөзсіз.

Кез келген өркениетті мемлекеттің өз конституциясы болады.

Елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығы көп жағдайда сол Конституцияның, яғни Негізгі заңның дұрыс жұмыс істеуіне байланысты болмақ.

Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Иә, Қазақстан халқы осыдан он жеті жыл бұрын жаңа Конституцияның қабылдануына дауыс беріп, өзінің тарихи таңдауын жасаған еді.

Негізгі заң тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық және мемлекеттік құрылысының іргелі қағидаттарын бекітіп, демократиялық институттардың дамуына мықты қуат берді. Қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм және мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен шешу республика қызметінің түбегейлі принциптері болып бекітілді.

Мемлекетіміздің Конституциясы — бұл біздің бірлігіміздің, татулығымыздың кепілдігі, биліктің барлық буынының жолға қойылған, тиімді жұмысы, еңбек ету, лайықты өмір сүру және жан-жақты үйлесімді даму үшін адамның құқықтары мен бостандықтарын бекіту, ұлтаралық келісім мен елдің гүлденуі болып табылады. Конституция Қазақстан азаматының өмір сүруге, сөз еркіндігіне, шығармашылық еркіндігіне сонымен қатар дін ұстанымы еркіндігіне, еңбекке, демалысқа, денсаулық қорғауына, ақысыз орта білім алуына және жеке адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмау құқығына кепіл болады. Әрбір қазақстандық азамат біздің Конституциямызда жария етілген демократиялы құндылықтардың сақталуына жауапты. Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіладамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің қамтылғанын айғақтайды.

Біз ұлан-ғайыр байтақ даланы ақ білектің күшімен қорғап қалған батыр бабаларымыздың асқақ аманатына адал болуымыз керек. Олар елі азат, жері тұтас қуатты мемлекет құруды, Жерұйықта ғұмыр кешуді аңсады. Осы арманды ақиқатқа айналдыру бақыты біздің ұрпаққа бұйырды. Елімізді қарқынды дамытып, әлемнің маңдай алды мемлекеттерінің қатарына қосу — біздің қастерлі де қасиетті борышымыз.

Конституция күніне орай еліміздің барлық қалалары мен елді мекендеріндегі мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар секілді, Сәтбаев қалалық сотында да кең көлемде мерекелік шара өткізілмек.

Қол жеткен табыстар Ата Заңы­мыз­дың мықты әлеуетінің дәлелі десек артық айтқандық емес. Тұрақтылыққа, Отанымыздың басты байлығы – тыныштық пен бейбіт өмірге Конституцияның негізінде қол жеткіздік. Осыны түсіне білуіміз қажет. Ата Заңмен өмір сүру – демократияның жарқын көрінісі.

Ә.С.Төрежанова, Сәтбаев қалалық сотының бас маманы-сот мәжілісінің хатшысы.

Комментарии закрыты.