Білім ошағына есімі берілсе

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – геолог-ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, Қазақстаннан шыққан тұңғыш академик. Ол 1899 жылы 12 сәуірде  Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келді. Сәтбаевтың геологиядан басқа ғылымдарда, мәдениет саласында, тарихта қалдырған еңбектері мол. Ш.Уәлиханов жазып алған «Едіге» жырының мәтінін қазақ оқырмандарына түсініксіз араб, татар сөздерінен тазартып, қазақ тілінің жаңа орфографиясының негізінде қайтадан дайындаған. Ғұлама ғалым Ұлытау өңіріндегі басты-басты тарихи, мәдени, археологиялық ескерткіштерді зерттеді. Жезқазған-Ұлытау өңірінен көптеген этнографиялық мұраларды жинап, «Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» атты еңбегін жазған. Онда Ұлытау өңірі ежелгі металлургия орталығы болуымен қатар қазақ этносының саяси орталығы екендігі де толық дәлелденген. Қазақ орта мектебінің төменгі және жоғары сынып оқушыларына арналған «Алгебра» оқулығын дайындады. 1931 жылы басылған А.Затаевичтің «500 қазақ әндері мен күйлері» жинағына Сәтбаев қазақ халқының музыкалық мұрасының інжу-маржаны болып есептелетін 25 әнді өзі орындап, орыс тілінде ғылыми түсініктеме беріп енгізген.

Қаныш Сәтбаевтың бүкіл өмірі Қазақстанның минералдық ресурстарын және рудалық кендер генеалогиясын зерттеуге арналған. Қалдырған ғылыми бай мұраларының ішінде, әсіресе, Жезқазған кені туралы зерттеулерінің, Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жөніндегі еңбектерінің мәні ерекше. Жезқазғанның ірі мыс рудалы аудандар қатарына жатуы кезінде осы кеннің жоспарлы түрде кең масштабтағы барлау жұмыстарын ұйымдастыруға болатын ірі объекті екенін дәлелдеп берген Қаныш Сәтбаев еңбегінің нәтижесі.
Біздің қаламыз үшін сіңірген еңбегін ескере отырып, ұрпақ есінде мәңгі қалдыру мақсатында ғұлама ғалымның есімін Сәтбаев қаласының бір мектебіне берсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Мұрат Игенберлин,
қала тұрғыны.

Комментарии закрыты.