Кәмелетке толмағандардың әкімшілік жауаптылығы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің (бұдан әрі – ҚР ӘҚБтК) 72-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық жасалған кезде 16 жасқа толған, бірақ 18 жасқа толмаған адамдар кәмелетке толмағандар деп танылады.

Әкімшілік құқық бұзушылық жасаған кәмелетке толмағандарға тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шаралары қолданылуы немесе әкімшілік жаза тағайындалуы мүмкін.

Әкімшілік құқық бұзушылық жасаған кәмелетке толмаған адамға айыппұл салынады. Заңда қарастырылғандай кәмелетке толмаған адамға салынатын әкімшілік айыппұлдың мөлшері айлық есептік көрсеткіштің бестен бір бөлігінен кем болмауға және он айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс. Негізінен, айыппұл кәмелетке толмаған адамда бар мүліктің есебінен төленеді. Егер, кәмелетке толмаған адамның айыппұл төлеуге жеткілікті мүлкі болмаған жағдайда, айыппұл ата-анасына немесе олардың орнындағы адамдарға салынады.

Ал, арнаулы құқықтан айыру жазасы кәмелетке толмағандарға бір жылдан аспайтын мерзімге қолданылады. Әкімшілік жазалардың басқа да түрлері (әкімшілік қамауға алуды қоспағанда), сондай-ақ осы Кодекстің 45 және 57-баптарында аталған әкімшілік-құқықтық ықпал ету шаралары әкімшілік құқық бұзушылық жасауда кінәлі кәмелетке толмағандарға жалпы негіздерде қолданылады.

Кәмелетке толмаған адамға әкімшілік жаза қолданған кезде оның өмір сүру және тәрбиелену жағдайлары, психикалық даму деңгейі, жеке басының өзге де ерекшеліктері, сондай-ақ оған жасы үлкен адамдардың әсер етуі ескеріледі. Мәселен, әкімшілік құқық бұзушылықты бірінші рет жасаған кәмелетке толмаған адамды сот, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті орган (лауазымды адам) оған заңдарда көзделген тәрбиелік ықпал ету шараларын қолдана отырып, әкімшілік жауаптылықтан немесе тағайындалған әкімшілік жазаны орындаудан босатуы мүмкін.

Кәмелетке толмаған балаға тәрбиелік ықпал етудің мынадай шаралары тағайындалуы мүмкін:

1)         заңды түсіндіру;

2)         ата-аналарының немесе олардың орнындағы адамдардың не мамандандырылған мемлекеттік органның қадағалауына беру;

3)         келтірілген зиянның есесін толтыру міндетін жүктеу;

4)         бос уақытын шектеу және кәмелетке толмаған баланың мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу.

Заңды түсіндіру дегеніміз – бұл кәмелетке толмаған адамға оның әрекетімен келтірілген зиянды және ӘҚБтК-те көзделген құқық бұзушылықтарды қайталап жасаудың заңдық салдарын түсіндіру болып табылады.

Қадағалауға беру — бұл ата-аналарға немесе олардың орнындағы адамдарға, не мамандандырылған мемлекеттік органдарға кәмелетке толмаған адамға ықпал ету және оның мінез-құлқына бақылау жасау жөніндегі міндеттерді жүктеуден тұрады.

Келтірілген зиянды жөнге келтіру міндеті – бұл негізінен кәмелетке толмаған адамның мүліктік жағдайы мен тиісті еңбек дағдыларының болуы ескеріле отырып жүктеледі.

Бос уақытын шектеу және кәмелетке толмаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу дегеніміз — бұл белгілі бір орындарға баруға, бос уақытын өткізудің белгілі бір нысандарын, оның ішінде көлік құралдарын пайдалануға, тәуліктің белгілі бір уақытынан кейін үйден тыс жерлерде болуға, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның рұқсатынсыз басқа жерлерге кетуге тыйым салуды көздейтін шара түрі.

Кәмелетке толмаған адамға оқуды аяқтау не кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның көмегімен жұмысқа тұру талабы қойылуы мүмкін.

Бос уақытын шектеу және кәмелетке толмаған баланың мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу шаралары үш айға дейінгі уақытқа белгіленеді. Егер де бос уақытын шектеу және кәмелетке толмаған баланың мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу шаралары жүйелі түрде орындалмаған жағдайда, мамандандырылған мемлекеттік орган бұл шараның күшін жойып, кәмелетке толмаған баланы әкімшілік жауаптылыққа тарту мәселесін шешу үшін материалдарды сотқа ұсынады.

Негізінен, сотта кәмелетке толмаған жас басқа да жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлармен бірге жеңілдететін мән-жай ретінде ескеріледі.

Айта кететін бір жайт, кәмелетке толмаған балаға бір мезгілде тәрбиелік ықпал етудің бірнеше шаралары тағайындалуы мүмкін.

ӘҚБтК-те қарастырылғандай өзіне әкімшілік құқық бұзушылық үшін әкімшілік жаза қолданылған кәмелетке толмаған адам әкімшілік жаза қолдану туралы қаулының орындалуы аяқталған күннен бастап алты айдың ішінде осындай жазаға ұшырады деп есептеледі.

Б.Құдайбергенқызы, Сәтбаев қалалық сотының кеңсе жетекші маманы.

Комментарии закрыты.