АЛМАТЫДАН АРНАЙЫ КЕЛДІ

Қаламызға арнайы үш күндік сапармен Алматыдан келген «Не молчи КЗ» және «Не молчи Дети KZ» қоғамдық қорының өкілдері полиция қызметкерлерімен, психологтармен кездесті. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған жоба барысында ұйым өкілдері түрлі ақпараттарменбөлісті. Сондай-ақ, жәбірленушілермен әңгімелесу және жауап алу кезіндеерекшесақболуқажеттігін атап өтті.

– Сексуалды бағыттағы қылмыстар болған сәтте тергеушілер баланың психикасы жайында ойлануы керек. Ертеңгі күні баланың болашағына балта шаппайтындай жағдайды қарастырған жөн. Себебі, тергеу өте қатты әсер етіп, суицидке итермелейтін сәттер туындауы мүмкін. Қысымға шыдамаған бала тамырын кеседі немесе жоғарғы қабаттан секіреді. Жағдай ушыққан сәтте хат жазып қалдырады. Ол хаттардың басым бөлігінде отбасының қолдауына зәрулігін, оларға зорланғаны туралы айта алмайтындығын жазады, – дейді қор президенті Дина Смаилова.

Ұйым өкілдерінің айтуынша, бүгінгі таңда қорға жеті мыңнан астам қоңыраулар келіп түскен. Біреуі ұйымға қоңырау шалса, екіншісі әлеуметтік желілер арқылы байланысқа шыққан. Дина Смаилованың айтуынша, қоғамда бұл мәселе жиі туындайды. Қор директоры Алмат Мұхамеджанов балалар мен әйелдерге қатысты тұрмыстық немесе сексуалдық зорлық-зомбылыққа жол бермеу, өскелең ұрпақтың мәдени құндылықтарын насихаттау бойынша стратегия әзірленіп жатқанын атап өтіп, осы мәселеге немқұрайлы қарамау қажеттігін атап айтты.

Мұнан соң шара Абай атындағы №4 мектеп-лицейінде жалғасын тапты. Қылмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алу турасында дәріс оқылып, қор өкілдері зорлық-зомбылықтың алғашқы белгілерін анықтау, балалар қауіпсіздігі, сондай-ақ, жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау себептері туралы айтып берді. Тергеу іс-шараларында психологтардың атқаратын жұмысы да әңгіме өзегіне айналды.

– Балаға кез келген ортада қорғана білуді үйрету қажет. Үнемі бөтен адамдармен сөйлесуге болмайтынын айтудан жалықпаңыз. Қазіргі таңда зорлыққа барғысы келгендер өз құрбанынан көмек сұрауы мүмкін. Алайда, ешқашан ересек адамдар кішкентай баладан көмек сұрамайды ғой. Сондықтан, осындайлардан сақ болу керек. Кез келген жерде арақашықтықты сақтауды білгені абзал, – дейді Дина Смаилова.

Айта кету керек, бүгінгі таңда зорлық-зомбылыққа тап болғандар еліміздің түкпір-түкпірінен қорға +7 705 151 00 00 нөміріне қоңырау шалып, көмек сұрайды екен. Әрбір хабарласқан адамға қор өкілдері барынша қолдау көрсетеді.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.