Талап арызды қараусыз қалдыру

Азаматтық істерді сотта қараусыз қалдыру тәжірибеде жиі кездеседі. Талап арыздарды қараусыз қалдырудың заң нормаларымен анықталған белгілі бір құқықтық негіздері мен тәртібі бар. Дегенмен заң талаптарынан ауытқуға, яғни, бұл нормаларды басшылыққа алмай, талап арыздарды негізсіз қараусыз қалдыруға болмайды.

Азаматтық іс жүргізу кодексінде талап арыздарды қараусыз қалдырудың тәртіптері нақты көрсетілген. Солардың ішінде азаматтардың талап арызды сотқа өкілдері арқылы беруі – оларды қараусыз қалдыруға басты себеп болып отыр. Өкілдерге берген нотариалды куәландырылған сенімхаттарда талап қоюшының атынан арыз берушіге қол қою құқықтарын да беретінін нақты көрсетпейді. Шын мәнінде, талап арызды берушілер өкілдеріне берілген сенімхат арқылы оларды «сотта азаматтық іс жүргізуге байланысты барлық өкілеттіктермен қамтамасыз еттік» деп ойлайды. Бірақ, сот сенімхатта талап арыз беру және қол қою құқығы нақты көрсетілмесе, оның өкілімен қол қойылып берілген талап арызды қараусыз қалдыруға міндетті. Себебі, жоғарыда айтқандай, заң нормаларына сәйкес, талап қоюшының атынан әрекет етуші өкілдің барлық құқықтары атап көрсетілуі тиіс.

Ал, талап қоюшы заңды тұлға болса, талап арызға сол заңды тұлғаның басшысы немесе соған өкілеттігі бар адам ғана қол қоюы және талап арызға міндетті түрде заңды тұлғаның жарғы мен құрылтай шарты, басқа да заңды тұлға өкілінің өкілеттілігін дәлелдейтін құжат қосылып тіркелуі қажет. Іс жүзінде талап арыз берушілер сот отырысына талап қоюшы қатыспаса, «отырыс өткізілмеуі тиіс» дегенді ойға түйіп, себепсізден- себепсіз келмей қалатындары бар. Өздерінің қатысуынсыз сот отырысын өткізе беруге өтінім жасаса да жөн ғой. Олай істемейді. Сөйте тұра сотқа келіп, «талап арыз берілгеннен кейін оны неге қараусыз қалдырдыңыздар?» деп кінәлап, шағымдарын айтып жатады. Ал, мұндай жауапсыз әрекеттердің сот жұмысын күрделендіре түсері сөзсіз. Осы жерде бір айта кетерлігі, егер талап қоюшы іске қатысты барлық дәлелдемелерін ұсынған болса, істі өзінің қатысуынсыз қарау туралы өтінім беруге құқылы.

Өздерінің қатысуынсыз істі қарауды өтінбеген тараптар екінші шақыру бойынша сотқа келмегендігіне байланысты, ал, жауапкер істі мәні бойынша қарауды талап етпегендігіне орай қараусыз қалдырылған сот ұйғарымы, егер, талап қоюшы не жауапкер өздерінің сот отырысында болмауының дәлелді себептерін, айталық, ауырғандығын, іссапарда болғандығын, сотқа шақыру қағазын алмағандығын, т.б. растайтын негізді дәлелдер ұсынып, істі қайта жандандыру туралы өтінім жасаса, сол ұйғарымды шығарған сот арқылы сот ұйғарымы бұзылып, іс қаралуға қайта тағайындалуға жатады.

Істі қараусыз қалдыру талап қоюшыға сондай талаптармен сотқа қайта жүгіну құқығынан айырмайды, ол үшін алдыңғы жіберілген олқылықтар түзетілуі тиіс. Талап қоюшының талап арызды қайтарып алу туралы өтініш беруіне, ал, жауапкердің істі мәні бойынша қарауды талап етпеуіне байланысты істі қараусыз қалдыруымен, талап қоюшының өз талабынан бас тартуының және ол бас тартуды соттың қабылдауына байланысты істің қысқартылуының құқықтық салдарлары екі түрлі. Бірінші жағдайда, талап қоюшы, сотқа сол талаптармен, сол жауапкерге, сол даумен тағы да жүгіне алады. Ал, іс талап қоюшының талаптан бас тартуына байланысты сот ұйғарымымен қысқартылған жағдайда, талап қоюшы екінші рет сотқа жүгіне алмайды.

С.М.Байтоғаева, Сәтбаев қалалық сотының бас маманы.

Комментарии закрыты.