Кеншілердің тойы өтті дүркіретіп шаһарды

Елдің ен байлығын еселеп, жеті қат жерден кен өндірген кеншілердің мерекесі қаланы екі күн дүбірге бөлеп, өзіндік сән-салтанатымен өтті. Мерекелік іс-шара Гурба көшесіндегі «Кенші даңқы» монументінің ашылуынан бастау алды.

Кеншілер алаңы Монументтің салтанатты ашылуына Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты Арман Қожахметов, Сәтбаев қаласының әкімі Батырлан Ахметов, Жезқазған қаласының әкімі Бауыржан Шыңғысов, облыстық мәслихаттың депутаты Төреқожа Тілемісов, «Қазақмыс» корпорациясының өкілдері мен ардагер кеншілер, қала тұрғындары қатысты.

Кеншілердің ерен еңбегін паш етіп тұрған биіктігі 3,6 метр болатын қола мүсін сәулетші Ринат Әбеновтың қолынан шыққан туынды. Алаңда бой көтерген бұл монумент енді қаланың сәнін келтіріп, кеншілердің демалыс сәтінде серуендейтін жеріне айналмақ.

Мүсінді қала әкімі Батырлан Ахметов, Социалистік Еңбек ерлері Демберген Баймағамбетов пен Федор Лукинский салтанатты түрде ашты. Көптен күткен істің де халықтың игілігіне жарар сәті туды. Осы монументті ашу кезінде көктен құйған жаңбырды көпшілік нұр жауды деп жақсылыққа балап жатты.

Монументтің ашылуынан кейін Ш.Ділдебаев атындағы кеншілер сарайында салтанатты жиын өтіп, кен өндірісінің озат қызметкерлері марапатталып, сый-құрмет көрсетілді.

Жұлдыздардан ән шашу Алып компания «Қазақмыс» жылдағы дәстүрге сай кеншілердің құрметіне кешкілік әкімдік алдында, академик Қ.И Сәтбаев даңғылы бойында қала өнерпаздары мен Қазақстан эстрада жұлдыздарының, сондай-ақ, ресейлік әнші Надежда Кадышеваның қатысуымен үлкен мерекелік концерт ұйымдастырды.

Кеншілерге деген құрметтерін әнмен жеткізген әншілердің алғашқы легін жергілікті өнерпаздар бастап, елге танымал әншілер жалғастырды. Кешті «Хабар» арнасының тележүргізушісі, бірнеше жобалардың авторы Қазыбек Қасым жүргізді. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Майра Ілиясова алаңға жиналған үлкендердің құлақ құрышын қандырды.

– Мен өзім кеншілердің шаһарында бірнеше мәрте болған едім. Алайда, бұл жолғы шақырту мен үшін ерекше. Себебі, кеншілердің мерекесінде ән айтып, еңбек адамын серпілту, оларға ән арқылы ізгі тілектерімізді жеткізу бақытына ие болдым. Елдің өсуі мен өркендеу жолында тер төгіп жүрген кеншілер қауымының жұмыстарына жеңілдік, өмірлеріне сақтық тілеймін, – деді өнер майталманы Майра Ілиясова.

Кешке қала әкімі Батырлан Ахметов, Жезқазған қаласының әкімі Бауыржан Шыңғысов, бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы, Вэл Баркер сыйлығының иегері, Лондон олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев қатысып, кеншілер қауымаына деген ыстық лебізін жеткізді. – Корпорацияның шақыртуымен орталарыңызға келіп қалдым. Мен кеншілердің ерен еңбегін жақсы түсінемін, әрі жоғары бағалаймын. Өйткені, менің әкем де кенші. Жеті қат жердің астында жүріп, ел дәулетін еселеген сіздердің еңбектеріңіз еш өлшеусіз, – деді сахнаға көтерілген чемпион. Қала әкімі Батырлан Ахметов кеншілерді төл мерекесімен құттықтап, еңбектеріне табыс, дендеріне саулық, қауіпсіз еңбек етулерін тіледі. Әлем чемпионын Лондондағы жеңісімен құттықтап, 1 миллион теңге тапсырды. Ал бапкері Александр Стрельниковқа қазақтың салты бойынша иығына шапан жапты. Жастармен қатар үлкендерді де ұлттық аспап – қобыздың ырғағымен елітіп әкеткен «Асыл» және «КешYOU» тобының қыздары өнерлерімен көпшілікті тәнті етті.

Одан кейін сахнаға «Ал Давай» тобы көтерілді. Алдавайлықтар шыққанда жастардың өнеріне деген қолдау-қошемет ерекше болды. Кеншілерді кәсіби мерекелерімен құттықтауға келген Нұрлан Абдуллинді жұртшылық қошеметпен қарсы алды. Эстрадада өзіндік ерекшелігі бар Әлішер Каримовтың әндеріне көпшілік би билеп, көңілдері бір сергіп қалды. Бейбіт Қорған қазақ эстрада жұлдыздарының ән шашуын тәмамдаған соң, сахнаға Ресей Федерациясының еңбек сіңірген артисі Надежда Кадышева өзі жетекшілік ететін «Золотое кольцо» ансамблімен көтеріліп, әсем әндерімен кештің шымылдығын жапты.

Кеншілердің құрметіне арналған концерт отшашумен аяқталды.

Мереке қызықтары Абай көшесінің бойында мерекенің көркін кіргізген киіз үйлердің маңында көпшілік бірін-бірі құттықтап жатты. Жылдағы дәстүрге сай әр кеніш киіз үйлер тігіп, келген еңбек ардагерлерін, қонақтарын қонақжайлығымен күтіп алып жатты. Осы киіз үйлердің маңынан екі мәрте «Кенші даңқы» орденін иеленген байырғы кенші Зибатқали Ыстыбай ақсақалды кездестірдік. – Кен өндірісі – қиын саланың бірі. Қазіргі қойылып отырған талапқа сай, шахталарда еңбек қауіпсіздігін арттыру бағытында жұмыс жасалу қажет. Кеншілікке бет бұрған жастар өз өмірі үшін еңбек қауіпсіздігін басты назарға алса деймін. Әріптестерімді, кейінгі толқындағы жас кеншілерді төл мерекелерімен құттықтап, еңбектеріне табыс тілеймін – деген тілегін жеткізді Зибатқали ақсақал (суретте).

Бұл күні бой көтерген киіз үйлердің арасында «Қазақмыс» корпорациясына қарасты академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы өндірістік-археологиялық мұражайының да киіз үйі келушілерге мұражай қорындағы өнер туындылары мен құнды деректермен таныстырды. – Жылда кеншілер шаһарына келіп, көшпелі мұражайдың қорындағы құнды жәдігерлермен таныстырамыз. Бұл мұражайдың қорында 50-70-ші жылдардағы кеншілердің еңбек жолынан, сол кездегі қолданған техникалардан сыр шертетін суреттер, 3000 мыңнан аса минералдық тастар сақталған. Киіз үйдің ішінде қолөнершілеріміз жасаған ұлы қолбасшы Шыңғыс ханның шағын мүсіні, оның туының бір нұсқасы, Абылай ханның суреті ілулі тұр. Сондай-ақ, қазақтың ежелгі тұрмыс-салтынан көрініс беретін заттар да қойылған. Бұл мұражайды кенді қаланың жұртшылығы Жезқазғанға барып көруге уақыттары болмағандықтан, осы мерекеде көрмені ұйымдастырып отырмыз, – дейді мұражай директоры Кенжал Балкенов. Мұражайдың ұйымдастырған көрмесін тамашалаушылардың қатары көп болды.

Дәл осы Абай көшесінде мерекенің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиева, «Қазақмыс» корпорациясы «Жезқазғантүстімет» ӨБ техникалық директоры Рауф Айдашев мерекеге жиналған кеншілерді, кен өндірісінің ардагерлерін, қала тұрғындарын құттықтады. Жезқазған аймағы бойынша «КәсіпҚазақмыс» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сұлтанбек Мырзақоңыров пен «Нұр Отан» ХДП «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы аппаратының жетекші-хатшысы Болатбек Жақсыбаев еңбекте озат шыққан бірқатар кеншіні Құрмет грамотасымен, сондай-ақ, ақшалай сыйақымен марапаттады.

Марапаттау рәсімі әр кеніштің дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты. Бұл күні «Қазақмыс» корпорациясы басшылығының ұйымдастыруымен каратэ-кекушинкайдан республикалық турнир өтті. Оған әрісі Қырғызстаннан, берісі Ақтау, Ақтөбе, Көкшетау, Астана, Алматы, Қарағанды, Жаңаөзен қалалары мен Жезқазған және Сәтбаевтан, Қарсақбай кентінен 16,18 және одан жоғары жастағы ер балалар мен бойжеткендер қатысып, күш сынасты. Сондай-ақ, қазақша күрестен аймақтық турнир өтті. Қарағанды облысынан келген 70-ке тарта республика көлеміне танымал палуандар боз кілемде белдесті. Ұйымдастырушылардың атынан жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Түс ауа киіз үй байқауының нәтижесі шығарылып, үздіктер марапатталды. Байқаудың V орнын «Жезқазғантүстімет» ӨБ басқармасы, IV орынды Солтүстік Жезқазған кеніші, ІІІ орынды «Степной» кеніші иеленді. ІІ орынды Оңтүстік Жезқазған кеніші иеленсе, І орынға Батыс Жезқазған кенішінің киіз үйі лайық деп танылды. Ал, бас жүлдені Шығыс Жезқазған кеніші жеңіп алды.

Екі күн шаһарды думанға бөлеген кеншілер мерекесі осындай айшықты шаралармен есте қалды.

Комментарии закрыты.