Еңбекқорлық та, талант та тән болатын

Ажал ортамыздан өңірдегі талантты журналистің бірін алып кетті. Әріптесіміз Евгений Ванюшовтың кенеттен қайтыс болғандығы туралы хабарды күйзеле қабылдадым.

Бұрындары аймақтағы орыстілді басылымдардан жазғандарын аракідік көзім шалып қалғаны болмаса, жүз көрісіп танысқан емес едік. Сәтбаев қалалық «Шарайна» газетіне келгенде ғана онымен жақын танысудың сәті түскен. Газеттің көлемін ұлғайтып, редакцияда шығармашылық әлеуетті арттыру талабы тұрған кезде ол хабарландыру бойынша болуы керек, бізге жұмысқа тұруға ниет білдіріп келді. Әріптестерімнің мақұлдаулары бойынша созбалақтамай қатарымызға қосқанбыз. Женя да көп күттірген жоқ, жедел де орнықты хабар, тегеуірінді мақалаларымен жарқ етіп көрініп, ұжымға сіңісіп жүре берді. Жайшылықта көп сөйлей қоймайтын, ал ілездемелерде, әсіресе жаңа бастамалар, тың ойлар қосу туралы әңгіме қозғалған сәттері, бәйге атындай тыпыршып, алға ұмсынып шыға келетінін талай аңғарып, аңтарылып та қалатыным еске түсіп отыр қазір. Оның тыпыршуы әшейін еліру емес, көкейіне келіп қалған жаңа идеяларымен бөлісуге деген шынайы ұмтылыс екенін артынша әлденеше рет дәлелдеді. Евгений Ванюшовтың ұсынысымен «Шарайнада» оқырмандардың мұң-мұқтажын таң атқаннан кештің біруағына дейін жазып алып, газеттің келесі нөмерінен қалдырмай жариялап тұраты «жедел желі» пайда болды. Оған арнайы кезекшілік орнатып, журналистерге қосалқы жұмыс тауып бергенімізде, ауыртпашылықтың басым бөлігін өзі көтеруге тырысып бақты. Сол «жедел желі» қала тұрғындары үшін де, халықтың мұң-мұқтажы десе, жарғақ құлағы жастыққа тимейтін марқұм Қанат Балмағамбетов үшін де қолайына келген дүние болды. Нақты айтсақ, қала тұрғындары мен қала билігі арасындағы «алтын көпір» жандана түсіп еді сол кез.
Иә, өткен шақпен сөйлеп, жадта қалған жарқын істерін еске алуға тура келіп отырған Евгенийдің бітім-болмысының, журналистік қарым-қабылетінің бір қыры осындай еді. Нөмер сайын шығып жататын шағын хабарлары болсын, көлемді мақалалары болсын, дәнсіз болмайтын, сондықтан да дәмсіз де болмайтын. Сонысымен өңірге бұрыннан танымал Әлібек Әбдірәш, Мәди Әлжаппаров, Абдолла Дастанов, Ізтай Белгібаев сынды беделді журналистерден құралған сол тұстағы «шарайналықтардың» арасынан талантымен де, еңбекқорлығымен де өз орнын тапқан еді. Әттең, әлі берері алда тұрған қарымды қаламгерлік шағында ажалдың құрығына ілікті. Топырағың торқа болсын, қадірлі әріптес!

Төлеш Асанов,
Жезқазған қалалық «Дидар» телеарнасы директорының орынбасары, Сәтбаев қалалық «Шарайна» газетінің 2000-2002 жылдардағы бас редакторы.

Комментарии закрыты.