Екі саланың жұмысы сараланды

Өткен аптада «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалының Саяси кеңес бюросы отырысы болды. Оған «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев филиалы төрағасының бірінші орынбасары төрағалық етіп, қатысушыларды күн тәртібімен таныстырды.

Қаралған екі мәселе – «Сәтбаев қаласында «Нұр Отан» ХДП 2020 жылға дейінгі бағдарламасының кәсіпкерлікті қолдау саласы бойынша жүзеге асырылу барысы туралы» және «Сәтбаев қаласында «Нұр Отан» ХДП 2020 жылға дейінгі бағдарламасының мәдениет және тілдерді дамыту саласы бойынша жүзеге асыру барысы» туралы кәсіпкерлік бөлімінің бастығы З.Таянова мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Қ.Төлеш баяндады.

Кәсіпкерлікті дамытуға үлкен маңыз беріп отырған Елбасы Н.Назарбаев 2009 жылы нақты міндеттер жүктеген. Осы тапсырмаларды орындау мақсатында қаржылай да, қаржысыз да қолдау көрсететін бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Оны өзіміздің қаламыздан да байқауға болады.

2012 жылдың тамызына дейін қала бойынша 1919 шағын және орта кәсіпкерлік тіркелген, оның 148-і заңды тұлға болса, 1771-і жеке тұлғалар. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 3,8 % көрсетеді. Сонымен қатар, шағын бизнестің белсенділігі де артқан. Кәсіпкерлік бағдарламаларын қолдау үшін жыл сайын қалалық бюджеттен қаржы бөлініп тұрады.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жобаларды қаржыландыруда Қарағанды қаласындағы Әріптестік және бизнес институты үнемі бизнес-жоспарларды дайындауға көмектесіп отырады. Өткен 5 айда 8 бизнес-жоспар дайындалған. Қала кәсіпкерлері облыстық және қалалық көрмелерге, байқауларға белсене қатысып тұрады. Өз араларында әр түрлі шеберлік байқаулары өткізіліп тұрады.

Жалпы айтқанда, кеншілер қаласында кәсіпкерлік дамып отыр десе де болады.

Баяндаманы тыңдаған Саяси кеңес бюросының мүшелері тарапынан әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, жаңа бастап келе жатқан кәсіпкерлерге көмек көрсету жағынан әлі де өз деңгейінде еместігі жөнінде ескертулер айтылды. Сондай-ақ, Кәсіпкерлер қауымдастығының аты бар да заты жоқ екендігі, алдағы уақытта оған да бір өзгеріс енгізу, жастар кәсіпкерлігін дамыту керектігі сөз болды.

Келесі кезекте Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Қ.Төлештің жасаған баяндамасы назарға алынып, тиісті қаулы қабылданды. Онда қалада өтетін іс-шараларға жастарды, көпшілікті тарту, яғни, бұқаралық түрде өтуіне басты назар аударуын ұсынды. Соңғы кезде «Жас ақындар» мектебінің көзге түспей кеткендігі ескертілді.

Екі саланың жұмысын саралаған Саяси кеңес бюросы қаулысының орындалуын бақылау партияның қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаевқа жүктелді.

М.Жаппасбаева, бюро мүшесі.

Комментарии закрыты.