Сіз білу керек сегіз жайт

Сонымен, төртінші тоқсанды «тәуекел» деп дәстүрлі түрде бастап отырмыз. Әрине, қуанышты жағдай. Әсіресе, балалардың қуанышында шек жоқ. Бір жыл бойы көрмеген мектебімен, ұстаздарымен, сыныптастарымен қауышады…

Десек те, көңілге күпті жайттардың да жоқ емес екенін жоққа шығара алмаймыз. Әрқайсымыздың көкейімізде «осы қалай болар екен» деген сауал бары сөзсіз. Солардың бәрін болмаса да ең маңызды деген сегізін саралап көрген едік.
1. Ата-ана баласын мектепке жібергісі келмесе, үйде қалдыра ала ма?
Білім министрлігі кейбір ерекше жағдайларда, мысалы бала
науқастанса немесе науқастармен байланыста болса ата-аналардың өтініштері негізінде қашықтан оқуға рұқсат беріледі.
2. Мектеп формасы талап етіле ме?
Төртінші тоқсанда дәстүрлі немесе аралас форматта оқитын оқушыларға мектеп формасын сатып алудың қажеті жоқ. Оқушыларға өздеріне қолайлы, ұқыпты және таза киіммен мектепке баруына рұқсат етілген.
3. Қандай пәндер қашықтан оқытылады?
Әр мектеп сыйымдылығына, жобалық қуаттылығына байланысты оқу пәндерінің қай уақытта, қандай форматта оқытылатынын шешеді. Десе де, білім министрлігі қай пәндерді қашықтан ауыстыруға болатыны жайында ұсыныс әзірлеген. Музыка, көркем еңбек, құқық негіздері, графика және жобалау, кәсіпкерлік және бизнес негіздері, информатика пәндерін қашықтан оқытуға болады. Дене шынықтыру пәнін штатты форматта таза ауада өткізуге рұқсат етілген.
4. Оқушы сабақта маска тағып отыруға міндетті ме?
«Жасыл», «сары» аймақтарда орналасқан мектеп оқушыларынан маска тағу талап етілмейді. «Қызыл» аймақтағы мектеп оқушылары маска тағуға міндетті. Десе де «маска тақпауға болады» деген «сыныптың бәрі маскамен отырмау керек» деген сөз емес. Қауіпсіздік үшін ата-ана мен бала маска тағу не тақпауды өздері шешеді.
5. Оқушыдан коронавирус анықталса, мектеп карантинге жабыла ма?
Оқушы коронавирус жұқтырса, өзі оқитын сынып қана каратинге жіберіледі. Мектеп әрі қарай жұмысын жалғастырады.
6. Мектеп бітірушілер емтихан тапсыра ма?
Мектепті бітіргені туралы аттестат алу үшін 9-сынып оқушылары үш пәннен, 11-сынып бітірушілері төрт пәннен қорытынды емтихандар тапсырады. Емтихан уақыты кезіндегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты жеке шешім шығарылады.
7. Соңғы қоңырау қалай өтеді?
Былтыр санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты соңғы қоңырау әртүрлі форматта өтті. Мектеп түлектеріне құжаттар табыс етілді. Биыл да осындай форматта іске асырылады. Десе де, соңғы қоңырау өткізу мәселесі жайлы нақты шешім мамырдағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты шығарылады.
8. Эпиджағдай нашарласа, мектептер қайтадан бұрынғы форматқа көше ме?
Шектеу шараларын қатаңдату эпидемиологиялық жағдай күрделенген жағдайда («жасыл» аймақтан «сары» аймаққа немесе «сары» аймақтан «қызыл» аймаққа көшу) 5 күн ішінде жүргізіледі. Карантиндік шараларды жеңілдету «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа немесе «сары» аймақтан «жасыл» аймаққа көшкеннен кейін 7 күннен кейін жүргізіледі. Қатер жоғары аймақтан қатер орташа не төмен аймаққа өткен өңірлерде санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жеті күн бойы тұрақты болса, содан кейін ғана барлық сынып аралас форматта оқиды.

Топтаманы әзірлеген
Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.