Көрнекі ақпарат құралдары басты назарда

Көрнекі ақпарат құралдары (баннерлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнама, баға көрсеткіштері және т.б.) елдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсер ететін маңызды құралдар болып саналады.

Көрнекі ақпаратты ашық кеңістікте және ғимараттар ішінде заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдармен қатар кез келген кәсіпкерлік субъектілері жүзеге асыра алады. Кәсіпкерлік субъектілері көрнекі ақпаратты өз өнімімен қызметін ілгерілету құралы ретінде пайдаланады.

2021 жылғы 24 ақпанда Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасының мақсаты орфография нормаларын және мәтіндердің тең түпнұсқалы аудармасын сақтау жөніндегі талаптарды белгілеу арқылы деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасын одан әрі жетілдіру болып табылды. Заң жобасы деректемелер мен көрнекі ақпаратты мемлекеттік тілде және басқа да тілдерде орналастыру тәртібін құқықтық реттеуді арттыруға бағытталды. Осыған байланысты, заң жобасында Қазақстан Республикасының 13 заңнамалық актісіне өзгерістер енгізу ұсынылды.

Мәселен, 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 138-бабы мынадай мазмұндағы 115-1) тармақшамен толықтырылсын: «115-1) деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру бөлігінде Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының сақталуына». Оған жарнама мәтіндерін заңнама талаптарын бұза отырып ресімдеудің өте көп фактісінің анықталғаны, көрнекі ақпараттың дұрыс ресімделмеуіне қатысты азаматтардың уәкілетті және жергілікті атқарушы органдарға өтініштерінің санының өсуі негіздеме болып отыр. Жиі бұзушылықтардың арасында мыналарды бөліп алуға болады:

1) көрнекі ақпаратты тек бір тілде, әдетте, орыс тілінде орналастыру;
2) көрнекі ақпарат мәтіндері аудармасының мағынасы, мазмұны бойынша сәйкес келмеуі.
3) орфографиялық қателердің болуы.

Азаматтар мұндай фактілерді Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабында бекітілген өз құқықтарына нұқсан келтіреді деп санайды.

Бұл қоғам тарапынан мемлекеттік тілге деген құрметтің төмендеуіне алып келеді.

Осыған байланысты деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру бөлігінде Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды көздеу және оны жүргізу жөніндегі құзыретті ЖАО-ға беру қажет.

Бұл деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру жөніндегі талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылықты көздейтін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 75-бабының әлеуетін пайдалануға мүмкіндік береді, 729-бап – ЖАО-ның Кодекстің 75-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау жөніндегі құзыреті.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабы мынадай мазмұндағы жаңа екінші және үшінші абзацтармен толықтырылсын: «бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын: «Мемлекеттiк органдардың мөрлерi мен мөр таңбаларының мәтiнi, бланкілері және маңдайшалары мемлекеттік тiлде жазылады». Бүгінгі күні мемлекеттік органдардың мөрлері мен мөртабандарының мәтіндері қазақ тілінде жазылады. Келесі кезеңде мемлекеттік органдардың бланкілері мен маңдайшаларын қазақ тіліне аудару ұсынылды. «Үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын: «Хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, деректемелер және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, ал қажет болған кезде орыс және (немесе) ағылшын тiлдерінде жазылады». Бұған мына жағдай негіз болады: елдің бірқатар қалалары мен көптеген ауылдық елді мекендерінде көрнекі ақпаратты мемлекеттік тілден басқа тілдерде жазудың қажеті жоқ. Оның үстіне, «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» ҚР Заңының 8-бабы екінші бөлігінің құқықтық нормасы мемлекеттік емес ұйымдардың жұмысында мемлекеттік тілді және қажет болған жағдайда басқа тілдерді пайдалануға мүмкіндік береді. ҚР Конституциясының 2-бабының 1-тармағында айқындалған мемлекеттің біртұтас жүйесі этностардың (ұйғырлар, өзбектер, дүнгендер және т.б.) тілдерін жария салада, көрнекі ақпаратта пайдаланбауға мүмкіндік береді, оның үстіне ҚР этностары қазақ және (немесе) орыс тілдерін еркін меңгерген. Сонымен қатар, «ағылшын тілі» деген сөз тіркесіне рұқсат беру келу туризмін дамытуға ықпал ететін болады.

Сонымен, деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес жазу талабы қазақ тіліндегі мәтіндердің сапасыз жазылуына, орфографиялық қателерге жол бермеуге бағытталған. Деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің теңтүпнұсқалы аудармасын сақтап отырып жазу талабы қоғамда екі тілде (қазақ және орыс тілдеріндегі) берілген мәтіндердің мағыналық, мазмұндық жағынан сәйкес келмеуі фактілерін жоюға бағытталып отыр.

Мадинат Балтина,
мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы.

Комментарии закрыты.