Оқушылар мектепке оралады. Бірақ…

Осыдан бір жыл бұрын білім беру мекемелері қашықтықтан оқыту жүйесіне көшіп, төртінші тоқсанда абыр-сабыр басталып еді. Биылғы жылдың төртінші тоқсанын оқушылар мектепте оқитын болды. Десек те, қазіргі пандемия жағдайына орай оның өзіне тән талаптары бар. Ол қандай талаптар? Жалпы төртінші тоқсанда оқушылар қалай оқитын болады? Бұл жайлы қалалық білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбеков егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.

Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, еліміздің барлық аймақтарындағы сияқты Сәтбаев қаласында да былтырғы жылдың төртінші тоқсанынан бастап білім беру саласы қашықтықтан оқыту жүйесіне көшірілді. Әйтсе де, инфекцияның таралуы бәсеңдеген қазіргі сәтте қаланың білім беру мекемелері сақтық шараларын қатаң сақтай отырып төртінші тоқсанды дәстүрлі түрдегі білім беру жүйесімен бастағалы отыр.
– Сәтбаев қаласының білім беру ұйымдарында 2020-2021 оқу жылының 4 тоқсаны «Коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты шектеу шаралары кезеңінде білім беру ұйымдарында оқу процесін іске асыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 13 тамыздағы №345 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 28.12.2020 жылғы №548 хаты және Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігі бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 25.03.2021 жылғы №12 қаулысы негізінде ұйымдастырылады. Яғни, жалпы білім беретін мектептерде барлық сыныптардың оқушылары сыныптардағы балалар санын 25 адамнан асырмай аралас форматта оқытылады. Оқу бітіретін 9 және 11 сынып білім алушылары аралас форматта білім алады. Бұл сыныптарда оқу пәндерінің 70 пайызы дәстүрлі форматта оқытылады. Мектептерде икемделген сабақ кестелері жасалды, сабақтар арасындағы үзілістер әр сыныптар үшін әртүрлі уақытта ұйымдастырылды, сондай ақ әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін пәндердің 30 пайызы қашықтан оқытылады.
Мектептерде мәдени-бұқаралық және спорттық-бұқаралық іс-шаралар толығымен тоқтатылды, – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбеков.
Орайы келгенде айта кетейік, Сәтбаев қаласының білім бөліміне қарасты 13 мектеп бар. Онда 11535 оқушы білім алады.
Әңгіме барысында Берік Базылұлы шектеу шаралары, оның ішінде карантинді жеңілдетуді енгізу кезеңінде жалпы білім беретін мектептердің жұмысына қойылатын талаптар жөнінде де айтып өтті.
– Білім алушылар мектептерге кірген және шыққан кезде медицина қызметкерлері барлық қызметкерлер мен оқушыларға күнделікті таңертеңгі сүзгі (жанаспайтын термометрмен термометрия, ғимаратқа кіреберісте қолды антисептикпен өңдеу) жүргізеді. Мектепте жүріп-тұру, оның ішінде баспалдақпен көтерілу «бір жақты қозғалыс» қағидасы бойынша арнайы көрсеткіштермен таңбаланады. Әр сыныпта, дәлізде дезинфекциялық құралдар болады. Сондай ақ, пайдаланылған бетперделерді тастайтын арнайы урналар қойылады.
Сабақ режимі және жұмыс орнын ұйымдастыру, сабақ кестесі оқытудың аралас форматын есепке ала отырып, білім беру ұйымының оқу жылына арналған оқу жоспарына сәйкес жасалады, оқушыларға сабақ уақытында сыныптарда маска кимеуіне рұқсат етіледі, кабинеттік жүйе болмайды, дене шынықтыру сабақтарын жылы уақытта (атмосфералық ауа температурасы -18 °С аспайтын кезде) таза ауада ұйымдастыру немесе спорт залдарын үнемі желдету қамтамасыз етіледі.
Білім беру ұйымдарында инфекциялық аурулардың (респираторлық, ішек, дене қызуының көтерілуі) белгілері бар білім алушылар мен қызметкерлер жіберілмейді. Ал, коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылық тіркелген кезде сыныпқа, топқа карантин белгіленеді.
Инфекциямен ауыратын науқаспен байланыста болған, ауырып сауыққан білім алушылардың білім беру ұйымына баруына дәрігердің білім беру ұйымында болу үшін медициналық қарсы айғақтардың жоқ екендігі туралы медициналық қорытындысы болған кезде ғана жол беріледі, – дейді білім бөлімінің басшысы.
Әңгіме барысында біз мектепке дейінгі мекемелердің жұмысы жайлы да сұрадық. Бөлім басшысының айтуынша, сәуір айынан бастап балабақшаларда да 25 баладан аспайтындай етіп барлық топтар өз жұмысын бастайды екен.
Бірақ, оқушылар да, балабақша тәрбиеленушілері де аймақ қызыл деңгейге кірген жағдайда қайтадан қашықтықтан жұмыс істеу жүйесіне көшеді. Мектептер мен балалар бақшасында кезекші топтар ғана қалыпты жағдайда жұмыстарын жалғастыра бермек.

Комментарии закрыты.